Get Mystery Box with random crypto!

Қазақ әдебиеті

Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті Қ
Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті
Арна мекенжайы: @adebiett
Санаттар: Білім
Тіл: қазақ
ел: Қазақстан
Жазылушылар: 1.67K
Арнадан сипаттама

Қазақ әдебиеті

Ratings & Reviews

3.33

3 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

1

4 stars

0

3 stars

1

2 stars

1

1 stars

0


Соңғы хабарлар 7

2022-07-11 17:22:00 Бір Аллаға сыйынған адам өлмес,
Құдайсыз қу қолынан іс те келмес.
Белін бекем буғанның белі талмас,
Ел бұзса да, адалдық өзгерілмес.

Адамзат өзін-өзі сынау керек,
Тазалық, әділдікті ұнау керек.
Өлсе де тура жолдан мойын бұрмай,
Ақтан көрген бәлеңе шыдау керек.

Не шыда, не залым бол, бірін таңда,
Әйтеуір ақылын тап, ерте қамда.
Момын бол, не бұзақы, не батыр бол,
Қазақ тыныш қоймайды не қылсаң да.

Адалға орын емес қазақ іші,
Тәтті ғұмыр сүре алмас таза кісі.
Өзін асырар қазақтың өнері жоқ,
Бірін-бірі талайды – бар жұмысы.

// Шәкәрім Құдайбердіұлы - Бір Аллаға сыйынған адам өлмес
294 views14:22
Ашу / Түсініктеме
2022-07-11 05:51:53 Әкесі Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, жеті жасынан бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының төрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның таланты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, ез бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді.
Шәкәрімнің ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.
Шәкәрім ер жетіп үйленуге жеткенде оған Мәуен атты қызды алып береді. Ол мінезі шайпау, бірбеткей, тек Шәкәрімді ғана тыңдайтын болыпты. Кейінірек Шәкәрім ноғай қызы Айғаншаға ғашық болып, ноғайлар әйел үстіне қыз бермейтін ұлттық салтымен келісім бермеген соң Шәкәрім Айғаншаны көндіріп оны алып қашады. Бұл іске Абай араласып, қалың малын төлеп, айып-пұл беріп, қыз берісіп бітіседі. Сол Айғаншаны алып келгенде Мәуен: «Келдің бе, қарағым» деп бетінен сүйіп қарсы алған екен.
Шәкәрімнің бәйбішесі Мәуеннен екі ұл болған: Әбусуфиян және Ахметтауфиқ. Әбусуфиян 25-ші жылдары қайтыс болған, одан - Шәміл, одан Бану. Екінші ұл ерте қайтыс болып кетеді.
Шәкәрім Айғаншадан бес ұл, үш қыз көрген. Олар: Ғабдулғафур (Ғафур), Ғабдулла (Қабыш), Жебірейіл, Ғабдулаха (Ахат), Зият, Жәкім, Кәми, Гүллар.
Артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1931 жылдың 21 қыркүйегінде күні бұрынғы Семей облысының Абай ауданында қайтыс болды. Абай заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры өте күрделі. Ол 1931 жылы дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға.
1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның “Жазушы” және “Жалын” баспасынан өлеңдер, ал “Өнер” баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды.
@adebiett
82 views02:51
Ашу / Түсініктеме
2022-07-11 05:51:28
Бүгін қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеге келген күні. Шәкәрім Құдайбердіұлын 1858 жылы 11 шілде күні (ескі күнтізбе бойынша 23 шілде) Шыңғыстаудың етегінде дүниеге келді. Шәкәрім Құдайбердіұлы – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Шәкәрім - Абайдың немере інісі, Құнанбайдың үлкен әйелі Күнкеден (Әйбөбек) туған Құдайбердінің Төлебике (Дәметкен) деген бәйбішесінен көрген төрт ұлдың кенжесі. Олар - Омар, Мұртаза, Шаһмардан және Шәкәрім. Шәкәрімнің шешесі шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын ісмер адам болыпты.
Абайдың әкесі Құнанбайдың бәйбішесі Күнкеден Шәкәрімнің әкесі Құдайберді туса, Құнанбайдың Күнкеден кейінгі әйелі Ұлжаннан Абай туған. Сонымен Шәкәрім - Абайдың немере інісі.
78 views02:51
Ашу / Түсініктеме
2022-07-10 17:41:00 ​​Көрген соң тағдырының сыйын бөтен,
Жүйрікке сағым қуу бұйым ба екен:
Келеді жан ұшырып бедеу құмда,
Соңында үйір қасқыр, үйір бөкен.

Ажалдың қара бұлты басқа төніп,
Көздері мөлдірейді жасқа толып.
Қолдарын көкке жайып, үдірейіп,
Жылап тұр сексеуілдер бас көтеріп.

Қан ішу атасынан қалған дәстүр,
Жақындап қалды, әнеки, арлан қасқыр.
Тістері сақылдайды, көзі жайнап,
Тұяқтан бұрқыраған шаңда адасқыр.

Жануар, шөл еркесі, жазығы жоқ,
Қала ма азулының азығы боп?
Арланды тайыншадай жықса нетті,
Бір түбір ажалының қазығы боп!

Жазмыштың «сыйына» бұл теке күйіп,
Үйірін шашыратпай жеке жиып,
Безектеп,
Қалып қойған құралайдың
Таңынан мүйізімен кетеді іліп.

Сордың да берген екен бес елісін,
Ғұмыры қуғынменен өтері шын.
Құралай кеше туған көрді бүгін
Тағдырдың тумай жатып теперішін.

Үйірін көсем теке дүркіретті,
Торлады құм шаңының бұлты көкті.
Арлан қасқыр қап қойған құралайдың
Белінен қан-қан қылып сілкіп өтті.

Сілкіп өтті,
Бірақ та тоқтамады,
Зымырайды сұр сайтан оқтан әрі.
Жаңылып шабысынан ана бөкен,
Құралай қалған жаққа көп қарады.

Сонда үйір зымырады күнді бетке ап,
«Құтыл» деп күбірлейді мұңды Бетпақ.
Қинады сорлыларды құрғыр аптап,
Тозаңы боз дәкедей үлбіреп қап.

Күн батты көкжиекте тұрған күліп,
Көздерде бір өшіп қап, бір жанды үміт.
Бөкендер маңып кетті айдалаға,
Бес бірдей құралайын құрбан қылып.

Ащы тер көз жасына қоса ағылды,
Үйір кеп бір ойпаңға ошарылды.
Дір қаққан бауырлардан су сорғалап,
Құм бетін қақ боп тұрған жоса бұзды.

Жусады дымы біткен сорлы бөкен,
Көргені көз ашқаннан қорлық екен.
Ей, Тәңір, бар екенің рас болса,
Көрсетпе қасіретіңді енді бөтен.

Ойпаңға киік емес, тылсым бұқты,
Жасырды күллі әлемнен түн шындықты.
Тек байғұз бебеуледі, бебеуледі,
Шақырып жатқандай-ақ бір сұмдықты.

Күн бойы сауға іздеген кіл сағымнан,
Ортеке қарғып тұрды бір сарыннан.
Жарығы бөкендерге тура түсіп,
Машина шыға келді құм шағылдан.

Тағдырдың жазғанына күйіп, тоңып,
Жазығы – жаратылды киік болып.
Тағы да безіп берді бейшаралар,
Көздерге қасірет пен күйік толып.

Адам мен аң дос деген тіпті өтірік,
Отырып атып жатыр, тік те тұрып.
Мылтықтар өлім сеуіп гүрсілдейді,
Құлайды сорлы бөкен бүктетіліп.

Шағылдар бұғып-бұғып тұр ойланып,
Машина ышқынады үрейді алып.
Оқ тиген бөкенге де қарамайды,
Дегендей: «Қайтып соғам бір айналып».

Үрейден Бетпақдала жұлды шашын,
Жел тұрды солқылдаған құмды шашып.
Жаралы, жалғыз қалған текті теке
Құламай, арт жағына бұрды басын.

Өр сезім мүмкін оны ырыққа алды,
Құламай, қалт-құлт етіп тұрып қалды.
Адамдар қуып жеткен оқ шығармай,
Мылтықтың дүміменен ұрып қалды.

Пенделер, көздеріңді құйын басқыр,
Тоймасаң, тағы қырғын ұйымдастыр.
Бес бірдей құралайды қанағат қып,
Қап қойған сері екен ғой үйір қасқыр.

Болмадың қасқыр құрлы өр тоятты,
Басыңа ойнатар ма ед сол таяқты?!
Бұл сөзді теке бірақ айта алмады,
Серпіді, құлап түсіп, төрт аяқты.

Қырғынға куә болып құм жылады,
Аспанда ай да жылап, қынжылады.
Қасқыр да ішін тартты бұл сұмдыққа,
Пана қып ұйқтап жатқан бір жыраны...

Табиғат, о, табиғат, кешір мені,
Көп болды төбеңде ажал есіргелі.
Қай кезде бейбіт өмір сүрер екен
Адам мен аң атаулы төсіңдегі?!

Көркейтер үйірімен дөң өркешін,
Адамдар, сақтаңдаршы шөл еркесін.
Әйтпесе, кейінгі ұрпақ қарғап жүрер.
Бөкеннің таппай қалып көлеңкесін.

// Бауыржан Үсенов - Бетпақдала қырғыны (Баллада)
@adebiett
147 views14:41
Ашу / Түсініктеме
2022-07-09 06:09:00 ​​Исламға жүгініп, шындап айқын,
Алды-артыңа кез келді бір қарайтын.
Мұсылманның мүбәрәк мерекесі,
Құтты болсын, бауырлар, Құрбан айтың.

Құдайға атап көк қошқар шалатұғын,
Пайғамбардың үмбеті болатұғын.
Айтыс, көкпар теңелтіп бай-кедейді,
Ақырды ойлап, пақырлық қалатұғын.

Өз ғұрпыңның жетпесең қадіріне,
Өзгелердің иландық жәбіріне.
Адал дәмнің орынын арақ алып,
Жылап кеткен дәстүрдің жазығы не?!

Басымызды шақ қылып бөркімізге,
Ажар беріп жайнатып көркімізге.
Асты-үстін нан қылып қара жердің,
Қойған жоқ па Жаратқан еркімізге.

Терімізді тырситып теріс амал,
Жаһаннамға айдайды пері самал.
Ығай менен сығайға бәрі жомарт,
Қайырымды Құдайға бәрі сараң.

Жұрт қатарлы жүрмін деп ұйғарарсыз,
Сыбыр еткен сайтанға иланарсыз.
Шемен буған кеудеңді бұрқ еткізер,
Басы жарық шоқпардай иман әлсіз.

Әзіреті Сұлтандай асылдарға,
Тамсанумен өтеді ғасырлар да.
Құрбан шалсаң көтерер көкке сені,
Қияметтің пердесі ашылғанда.

Мәңгіліктей көреміз күн жарығын,
Бір Құдайдың сезбейміз мырзалығын.
Құрбан шал деп шарт қойған құрбан айтта,
Қан шығарып сұрайсың ырзалығын.

Бабаларым ең асыл тапқан үлгі,
Жат ниеттер кезбесін бақтарымды.
Өз дініне, тіліне салғырт қарап,
Опасыздық қылғаннан сақта бізді.

// Әселхан Қалыбекова - Айтта айтар ақ тілек
@adebiett
96 views03:09
Ашу / Түсініктеме
2022-07-08 17:45:00 Мына дүние – біреуге жалған дүние,
Аталардан адыра қалған дүние.
Ақиқаттың ауылы көрінер деп,
Қарай-қарай қара көз талған дүние.

Мына дүние біреуге қызық дүние,
Көзді арбаған гауһардай жүзік дүние.
Біртұтас боп, бүтін боп көрінгенмен,
Жалғау-жалғау боп келген үзік дүние.

Мынау дүние біреуге өсек дүние,
Күнә үшін төселген төсек дүние.
Сыйластық пен қимастық аржағында,
Шотын қаққан ергежей есеп дүние.

Безер дүние, біреуге азар дүние.
Ертелі-кеш әркімнен озар дүние.
Сақалыңды бір сипап үлгергенше,
Бітіретін саудаңды базар дүние.

Күйлі дүние, біреуге әнді дүние,
Салтанатты, сауықты, сәнді дүние.
Өлместей боп жүргенде сайран салып,
Не сый сақтап тұр екен, Арғы дүние?..

// Серік Қалиев - Дүние – жалған
52 views14:45
Ашу / Түсініктеме
2022-07-07 17:45:00 ​​Сыйлаймын деп əуре болма күн-айды,
Шайырыңда керек емес, шырайлы.
Көшедегі «көп аттының бірі емес»,
Жайнамазда жатқан жігіт ұнайды!

Сəлем жолдап үздігетін қашықтан,
Аңғал жандар...
Арнасынан тасытты əн.
Жүрегіме жылы жандар ұнайды,
Жұма сайын, Алла үйіне асыққан!

Мейлі, қанша түнгі ұйқымды ұрлаңдар,
Бірақ, сабыр самалымен нұрланды ар.
Маған қымбат, туысы үшін дұға етіп,
Анасына сауап сұрап тұрғандар!

Көрсем дағы қиындықтың қандайын,
Сабыр берген жандар қанша, əрдəйім.
Маған ыстық, жігіттері Қазақтың,
Сəждеге əкеп сүйгізетін маңдайын.

Керек емес, намысымды жыққаны,
Құлқын құлы, құр сөз болса жұтқаны.
Маған қымбат, жүрегінде иманы,
Жүзі сұсты...
Жігіттердің Сырттаны!

// Мехнат Теміртасқызы - Жігіттердің Сырттаны
163 views14:45
Ашу / Түсініктеме
2022-07-06 17:22:00 ​​Патшаңыз пармын десе пайғамбарға,
Халықтың пікірінен қайран бар ма?
Мысалы, біз не істедік бір-ақ күнде
Астана Нұр-Сұлтанға айналғанда?!

Алайда, шыдап келіп шарт сынар ел,
Халықтың қаһарына қарсы келер
Әлемде ештеңе жоқ. Қабағынан
Қар жауған Қаңтар соған жақсы дәлел!

Сондықтан ойланыңдар, майқарындар
Датым бар, ел атынан айтарым бар:
Ешкімнің әкесінің ақысы жоқ
Есімін Елорданың қайтарыңдар!!!

// Әбубәкір Смайылов - Дат
249 views14:22
Ашу / Түсініктеме
2022-07-05 12:47:03 Тақсырлары теке мінез бұл елде,
Бәрі жұмбақ, сырын пенде білер ме?
Кей істердің шындығынан шошынып,
Қиналасың тесік таппай кірерге.

Сауалы көп замананың зауалы,
Төбемізден жай оты боп жауады.
Көктен түскен найзасындай кәуірдің,
Көп жұмбақтың таптырмайды жауабы.

Қаңтар – жұмбақ,
Желтоқсан да – шытырман,
Жұмбақ сайын бура - билік құтырған.
Заманбектің өлімі де бір жұмбақ,
Үш оқ атып, парызынан құтылған.

Қилы заман асылдарға тым қатқыл,
Алтынбектің тағдыры да жұмбақ кіл,
Ей, Ақиқат, сенен қадір қашқан ба,
Неге Уақыт сұмның сөзін тыңдап тұр?

Ақиқаттың үні неге жетпейді?
Неге бізде коррупция көктейді?
Неге, неге, Заң қаһарын төкпейді,
Неге тақтан айлаңкестер кетпейді?

Айтсам тағы дейсіңдер-ау, килікпе,
Жаман аттың шабына біз тидік пе?
Отыз жылдай қанын сорған халықтың,
Жандайшаптар неғып отыр билікте?

Жұмбақты ойлап, терең ойға сүңгірсің,
Жоғарыда не боп жатыр, кім білсін?
Талпынғанмен болжай білмес ертеңін,
Халық та бір – ес жимаған бүлдіршін.

Жауабы жоқ жұмбақтар көп бұл елде,
Жалтақтаумен құм болуда жігер де.
Заман шіркін, бір сәт мұрсат берер ме
Ақиқаттың ақтаңгерін мінерге.

// Темірғали Көпбай - Жұмбақ ел
341 views09:47
Ашу / Түсініктеме
2022-07-04 17:24:00 ​​Өткен шақтан кешегі,
Ұмытылмас із көрем.
Иə, Анашым, өмірде,
Қарыздармын сізге мен.

Түн ұйқыңды төрт бөліп,
Мəпеледің балаңды.
Бұл өмірде таппадым,
Сіздей қамқор адамды.

Бейнет көріп мен үшін,
Тəлім бердің тек түзу.
Бұның бəрін мүмкін бе?
Сөзбен айтып жеткізу.

Ұйықтардың алдында,
Кəлиманы үйреттің.
Иман етіп Аллаға,
Мұсылмандық күйге өттім.

Оқу жылы басталып,
Таяған да сабағым.
Көйлегімді бүтіндеп,
Шалбарымды жамадың.

Туған кезде басыма,
Төсек тартып жатар күн.
Жедел жəрдем шақырып,
Дəрігерге апардың.

Əлемдегі ең ыстық,
Баға жетпес мекен-той!
Жаны іңкəр Ананың,
Алақаны екен ғой!

Иə, Анашым тұрса да,
Қабағыңа талай мұң.
Көз алдымда күлімдеп,
Жүргеніңді қалаймын!

// Есбол Бозан - Анаға хат
370 views14:24
Ашу / Түсініктеме