Get Mystery Box with random crypto!

Қазақ әдебиеті

Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті Қ
Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті
Арна мекенжайы: @adebiett
Санаттар: Білім
Тіл: қазақ
ел: Қазақстан
Жазылушылар: 1.67K
Арнадан сипаттама

Қазақ әдебиеті

Ratings & Reviews

3.33

3 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

1

4 stars

0

3 stars

1

2 stars

1

1 stars

0


Соңғы хабарлар 10

2022-06-19 17:39:00 Жақсы әйелі бар жігіт жасымайды,
Жауыңа ішкі сыры ашылмайды.
Білдірмей бар-жоғыңды бағаласа,
Көңілің неге судай тасымайды.

Жақсы әйелі бар адам қажымайды,
Ренжіп, қаны қашып, налымайды.
Жағдайы жас баладай табылған соң,
Күшінен ақыл-қайрат арылмайды.

Жақсы әйел жұрт алдында жасытпайды,
Салмақты, сабырлы боп асықпайды,
Әйелі ер жігіттің жаман болса,
Достарың, ағайының қашықтайды.

// Кенен Әзірбаев – Жақсы болса жан жарың
171 views14:39
Ашу / Түсініктеме
2022-06-18 17:29:00
Мен куәлікке жүремін!
Жаңа отаудың
Босағасы берік болады деп,
Шаңырағына
Бақ құсы келіп қонады деп.
Бір-бірлеріне
Тағдырын аманат қылып,
Адал жар
Айнымас серік болады деп.

Мен куәлікке жүремін!
Өздеріне артқан
Сенімді ақтайды деп,
Ар-ұждандарын
Алтынға сатпайды деп.
Үлкенге ізет,
Кішіге қамқорлық жасап,
Халқымның
Асыл дәстүрін сақтайды деп.

Мен куәлікке жүремін!
Ынтымақ құрып,
Жарасым табады деп,
Бақ жұлдыздары
Жарқырап жанады деп.
Махаббаттары
Мәңгілік боп қалады деп,
Болашаққа да
Жұп жазбай барады деп.

// Қатира Жәленова - Куәгер сөзі
@adebiett
309 views14:29
Ашу / Түсініктеме
2022-06-17 17:40:00 ​​Біздер қашан арыламыз дүлей-шампа күдіктен?
Ең дұрысы, адамдығы еңкейгеннен қорыққан.
Көп жыл бұрын Гималайдың баурайында жүріп мен
Бір жолбарыс аулаушыға жолыққам...
Соның айтқан әңгімесі қалып қойды есімде:
Қалың орман арасында, не құзар шың төсінде,
Не асқақ тау баурайымен сапар тартсаң жолға алыс,
Қайтпек керек, қарсы алдыңнан шыға келсе жолбарыс?
Ең бастысы, сабыр сақтап, еңкейместен тік тұру,
Аңға, малға жақындамас болмысыңды ұқтыру.
Осы шартты орындасаң, одан қауіп күтпегін,
Ал, еңкейіп, төрт аяқты малға ұқсасаң – біткенің.

Сол сәтінде-ақ тарғыл мысық қан толтырып көзіне,
Серіппедей тартыла кеп атылады өзіңе.
Бұл сұраққа ғылым әлі толық жауап таппаған:
Адам кейпін сақтағанды жыртқыш неге жақтаған?
Бәлкім, тәңір пенделерін ойға тарту үшін де,
Жаратты ма жолбарысты осындай өр пішінде?

Іңкәр тірлік жолындасың.
Қимылыңа мән бер сен,
Қай кезде де еңсе бүкпеу – ердің басты құралы.
...Мен де кейде адамдығы аласарған жан көрсем,
Ыза буған жолбарыстай атылғым кеп тұрады...

Бір белгілі бизнесменнің нақсүйері, сыңары,
Талай дарын ағып өткен,
Менің жастық шағым өткен
Алматыда, алма пейіл, сауда зейін қалада,
Жалт-жұлт еткен әсем тонын сары ала,
Гималайдың ең соңғы, ең атбалды,
Мекен еткен өр құзар шың шатқалды
Барысының терісі деп мақтанды,
Жанарында бір дарақы от жанды.

Бірақ менің бұл жел сөзге тіпті сенгім келмеді,
Жолбарысын жоғалтса егер – таулардың да өлгені.

Жоқ, Гималай, қасиеттім, сен тұра бер тағыңда,
Ізгілігін күдік басып,
Тағдырынан рух қашып,
Ұқсап әрі жойқын, ессіз ағынға,
Адамдарды малдық сана жетекке алған шағында
Және олардың қалуы үшін өз міндеті сабында,
Тәңір ойын жолбарыстың көзі арқылы қабылда...
...
Ой түзелсе, өрлер сенің бағың да!

// Мұхтар Шаханов - Гималай жолбарыстары немесе малдық сана туралы мұң
357 views14:40
Ашу / Түсініктеме
2022-06-16 16:50:00 Төбе керек – шығу үшін тауды асып,
көне керек – жығу үшін дауласып.
Жол да керек – жүру үшін адаспай,
молдық керек – алу үшін таласпай.
Дана керек – өкіндіріп өлуге,
бала керек – қарттығыңды көруге.
Ерлік керек – жауың үшін емес ол,
бірлік керек – ауыл үшін емес ол.
Қол да керек – алу үшін емес ол,
аяқ керек – із қалмасын демесең.
Қасиетіңді танымаса жар да елеп,
қасіретіңді көтеретін нар керек.
Мықтылық та керек екен шын осы –
тым құрыса, мықтымын деп жүресің.
Осалдық та керек,
бізге бір керім
мықтылықты күндеу үшін жердегі.
«Құдай» керек– сыйынбауға сайтанға!
(құдай жоқ қой, жай, әншейін айтам да)
Бәрінен де жүрек керек...
Көп керек,
аз ғұмырға кету үшін де өкпелеп.

// Жұмекен Нәжімеденов (1965)
409 views13:50
Ашу / Түсініктеме
2022-06-15 17:40:00 ​​Бір өлең жазғым келеді,
Оқығанды қанаттандырып,
Жер-көкті ләззатандырып!
Жылу мен нұрды аңсағандардың
Көңіл сусынын қандырып!

Бір өлең жазғым келеді,
Шопеннің өлмес симфониясындай
Ғасырға кетер мәңгілік!
Қазақ екенін мақтан тұтардай,
Келешек ұрпаққа ән қылып!

Бір өлең жазғым келеді,
Көңіл көкпарын қиқулата,
Жыр аламанын шаң қылып!
Бойдағы қанды тасыттыратын,
Құдіретімен таң қылып!
Бір өлең жазғым келеді....

// Меңдігүл Мұханбетжанқызы
497 views14:40
Ашу / Түсініктеме
2022-06-14 17:36:00
Ежелден қыз баланың ізгі амалы:
Жігіттің кездескенше мұзбалағы
Қақпасы қырық құлып құз-қамалын
Қайдағы қаңғыбастың бұзбағаны.

// Исраил Сапарбай
186 views14:36
Ашу / Түсініктеме
2022-06-13 17:20:00 ​​Бәрі сауда.
Алыс-беріс... Арбасу...
Әр сүйем жер аттап басқан – жар басу;
ағайынын алдап жатыр ағайын,
бұның аты – өзін-өзі «дарға асу».

Өтіріксіз қарға адым жер – күш аттау,
өнер болды өп-өтірік құшақтау;
бауырынан безіп кетті бауыры,
бұның аты – өзін-өзі «пышақтау».

Жердің бетін жаулап алды «жауыз» дау,
жүректерде – қаңыраған хауыз, бау...
Азаматтар аналарын ұмытты,
бұның аты – өзін-өзі «бауыздау».

Құлақ түріп жатпайды жұрт түк үнге,
ұятсыздық кәсіп болды бүгінде.
Ата сөзін аттау тіпті түк емес,
бұның аты – орға құлау түбінде.

Арман, мұрат саз балшықтай езілді,
құм қылды өмір жігер менен төзімді;
тар төсегін саудалады сұлу қыз,
бұның аты – тірі өлтіру өзіңді.

Безіп кейде арсыз түннің сиқынан,
оянамын отты кешіп ұйқыдан.
Тастанды ұлдың тағдырынан шошимын...
Бұның аты...
Болашағың – бейкүмән.

Маған тұман – ендігі сөз?
Ендігі ән?!
Басқа теңеу таба алмадым мен бұған.
Ойым жетім:
Не болады ел ертең?
Күмән...
Күмән...
Жүрек суып, тоңды қан...

// Нұрлан Оразалин (наурыз, 1992 жыл)
74 views14:20
Ашу / Түсініктеме
2022-06-11 17:36:00 Бұрынғыдай шарламай ойын көгін,
Байсал тартқан салбауыр ойым менің.
Билеуге де шыға алмай жер тепкілер,
Босқа отырмын құдамның тойында едім.

Көз алдымда елестеп бұла күндер,
Естілмейді құлаққа жырақ үндер.
Ерсілеу боп жастардың әрекеті,
Таппадым жан құттықтап қарағым дер.

Бұл жастардың безгенде қайда барам,
Кезігетін жалғыз той айда маған.
Асабаның қырттығы жанға шаншу,
Дәл осындай болар деп ойлағам.

Шапалақты сұранып емінгені,
Асабаның парықсыз көрінгені.
Беташарда зар қаға ақша сұрап,
Сонан бастап құлайды көңіл көгі.

Босаға аттап, келінге жаңа келген,
Бақ жұлдызы жүректе жана келген.
Ант көтертіп он бала табамын деп,
Жерге тықты ұялтып манағы елден.

Асабаның тигені-ай таяғы көп,
Қос құданың сырқырап аяғы бек.
Тумақ түгіл бітпеген немереге,
Жарыс өтті "кім атын қояды?" деп.

Тойшы жұртқа өлеңнен дес берілмей,
Асабаның көзіне ел еш көрінбей.
Сүзеген сөз намыспен арға тиіп,
Салты қалды халқымның ескерілмей.

Сүзіспесе құдалар шарды жарып,
Асаба айтса "болмайды алды жарық"
Қос құдағи сүйісіп онбір қайта,
Қысымынан жығылмай қалды нағып.

Бүгін тойлар той емес, жиын сынды,
Даңғазалы музыка құйын сынды.
Жаңа келін, жас күйеу, ата-анамен,
Өткереді басынан қиын сынды.

// Зұқай Шәрбақынұлы - Тойға көңіл толмады
180 views14:36
Ашу / Түсініктеме
2022-06-10 07:20:00
302 views04:20
Ашу / Түсініктеме
2022-06-09 17:18:00 ​​«Орыстың қай партиясын, қай табын алсаң да, орыспен басқа жұртты тең ұстағысы келмейді. Қай жерде, қашан болса да, орыс жұртын жоғары тұтып, өзге жұрттарға соның қожалығын жүргізгісі келеді де тұрады. Лепірген қызыл тіл, әдемі сөздері, бәрі іс жүзінде ұмытылады. Орыс тілегі оң болып, оған өзге жұрттың тілегі құрбандыққа шалынды... Әйтеуір, орыстың қай партиясын алсаң да, көздейтін мақсаты бізге, біз сықылды табы бөлек жұрттарға ерік беріп, тең тұту емес, өзі ғана қожалық құрып, билеп тұрмақ, мойын ұсындырып, айтқанына көндірмек».

// Әлихан Бөкейхан. «Ұлы орыс үстемдігі» мақаласынан
416 views14:18
Ашу / Түсініктеме