Get Mystery Box with random crypto!

Мына дүние – біреуге жалған дүние, Аталардан адыра қалған дүни | Қазақ әдебиеті

Мына дүние – біреуге жалған дүние,
Аталардан адыра қалған дүние.
Ақиқаттың ауылы көрінер деп,
Қарай-қарай қара көз талған дүние.

Мына дүние біреуге қызық дүние,
Көзді арбаған гауһардай жүзік дүние.
Біртұтас боп, бүтін боп көрінгенмен,
Жалғау-жалғау боп келген үзік дүние.

Мынау дүние біреуге өсек дүние,
Күнә үшін төселген төсек дүние.
Сыйластық пен қимастық аржағында,
Шотын қаққан ергежей есеп дүние.

Безер дүние, біреуге азар дүние.
Ертелі-кеш әркімнен озар дүние.
Сақалыңды бір сипап үлгергенше,
Бітіретін саудаңды базар дүние.

Күйлі дүние, біреуге әнді дүние,
Салтанатты, сауықты, сәнді дүние.
Өлместей боп жүргенде сайран салып,
Не сый сақтап тұр екен, Арғы дүние?..

// Серік Қалиев - Дүние – жалған