Get Mystery Box with random crypto!

Тақсырлары теке мінез бұл елде, Бәрі жұмбақ, сырын пенде білер | Қазақ әдебиеті

Тақсырлары теке мінез бұл елде,
Бәрі жұмбақ, сырын пенде білер ме?
Кей істердің шындығынан шошынып,
Қиналасың тесік таппай кірерге.

Сауалы көп замананың зауалы,
Төбемізден жай оты боп жауады.
Көктен түскен найзасындай кәуірдің,
Көп жұмбақтың таптырмайды жауабы.

Қаңтар – жұмбақ,
Желтоқсан да – шытырман,
Жұмбақ сайын бура - билік құтырған.
Заманбектің өлімі де бір жұмбақ,
Үш оқ атып, парызынан құтылған.

Қилы заман асылдарға тым қатқыл,
Алтынбектің тағдыры да жұмбақ кіл,
Ей, Ақиқат, сенен қадір қашқан ба,
Неге Уақыт сұмның сөзін тыңдап тұр?

Ақиқаттың үні неге жетпейді?
Неге бізде коррупция көктейді?
Неге, неге, Заң қаһарын төкпейді,
Неге тақтан айлаңкестер кетпейді?

Айтсам тағы дейсіңдер-ау, килікпе,
Жаман аттың шабына біз тидік пе?
Отыз жылдай қанын сорған халықтың,
Жандайшаптар неғып отыр билікте?

Жұмбақты ойлап, терең ойға сүңгірсің,
Жоғарыда не боп жатыр, кім білсін?
Талпынғанмен болжай білмес ертеңін,
Халық та бір – ес жимаған бүлдіршін.

Жауабы жоқ жұмбақтар көп бұл елде,
Жалтақтаумен құм болуда жігер де.
Заман шіркін, бір сәт мұрсат берер ме
Ақиқаттың ақтаңгерін мінерге.

// Темірғали Көпбай - Жұмбақ ел