Get Mystery Box with random crypto!

Әкесі Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, жеті жасы | Қазақ әдебиеті

Әкесі Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, жеті жасынан бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының төрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның таланты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазады: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік Һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағлым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, азғана ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, ез бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді.
Шәкәрімнің ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады, «молда сабағынан» басқа орысша үйренеді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өседі. Ақындық өнерін де таныта бастайды.
Шәкәрім ер жетіп үйленуге жеткенде оған Мәуен атты қызды алып береді. Ол мінезі шайпау, бірбеткей, тек Шәкәрімді ғана тыңдайтын болыпты. Кейінірек Шәкәрім ноғай қызы Айғаншаға ғашық болып, ноғайлар әйел үстіне қыз бермейтін ұлттық салтымен келісім бермеген соң Шәкәрім Айғаншаны көндіріп оны алып қашады. Бұл іске Абай араласып, қалың малын төлеп, айып-пұл беріп, қыз берісіп бітіседі. Сол Айғаншаны алып келгенде Мәуен: «Келдің бе, қарағым» деп бетінен сүйіп қарсы алған екен.
Шәкәрімнің бәйбішесі Мәуеннен екі ұл болған: Әбусуфиян және Ахметтауфиқ. Әбусуфиян 25-ші жылдары қайтыс болған, одан - Шәміл, одан Бану. Екінші ұл ерте қайтыс болып кетеді.
Шәкәрім Айғаншадан бес ұл, үш қыз көрген. Олар: Ғабдулғафур (Ғафур), Ғабдулла (Қабыш), Жебірейіл, Ғабдулаха (Ахат), Зият, Жәкім, Кәми, Гүллар.
Артына мол мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлы 1931 жылдың 21 қыркүйегінде күні бұрынғы Семей облысының Абай ауданында қайтыс болды. Абай заманы мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігіндегі ақын-философ, қазақтың дара туған, дана туған ұлдарының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры өте күрделі. Ол 1931 жылы дүние салғаннан кейін елу жылға жуық ұмыт қалған тұлға.
1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның “Жазушы” және “Жалын” баспасынан өлеңдер, ал “Өнер” баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданы, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды.
@adebiett