Get Mystery Box with random crypto!

Қазақ әдебиеті

Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті Қ
Telegram арнасының логотипі adebiett — Қазақ әдебиеті
Арна мекенжайы: @adebiett
Санаттар: Білім
Тіл: қазақ
ел: Қазақстан
Жазылушылар: 1.67K
Арнадан сипаттама

Қазақ әдебиеті

Ratings & Reviews

3.33

3 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

1

4 stars

0

3 stars

1

2 stars

1

1 stars

0


Соңғы хабарлар 3

2022-08-15 17:39:00 Туғанда қауіп-қатер, күн зымыстан,
Немесе кездескенде қиын дұшпан.
Кезінде ер басына бұлт айналған,
Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан.

Кісі екен сәлемінің өзі рахат,
Кететін кездескенде шерің тарқап.
Көзінде көкшіл жалын жанады екен,
Қапыда қалса біреу атын атап.

Сондықтан оның атын көп айтпаған,
Күні жоқ қасиетін молайтпаған.
Алдында жатады екен жолбарысы,
Ит-құсты маңайына жолатпаған.

Жалғыз-ақ бір құрдасы тиіп-қашып,
Онымен ойнайды екен иықтасып.
Ел айтқан әруағына сеніңкіремей,
Әр жерде көлденеңдеп жүріпті асып.

Ер Бекет оныменен сөзге ерінген,
Кезі жоқ бір қалыптан өзгерілген.
Өзгеге өзі түгіл, сәукеледей,
Шалынған көлеңкесі көз көрімнен.

...Бір күні сол құрдасы жолға шыққан,
Ауғанда атан түйе арбасынан.
Қатыны баласымен қоса қабат,
Құлдилап құлап кеткен жар басынан.

Сорғалап төмен құзға бара жатып,
Қалыпты «Иә, Бекет!» деп бір тіл қатып.
Дік етіп аман-есен жерге түскен,
Түсінен оянғандай ойға батып.

Қадірін құрдасының сонда аңғарған,
Еңіреп айдалада жылап алған:
«Бекетжан, айналайын, сен болмасаң,
Мен үшін құрып еді мына жалған»...

Депті ол бір жиында Бекет ерге:
– Талай жыл түсіп кеппін текке терге,
Кеш, батыр, кеңдігіңнен шапағат бер,
Кетпесін әзіл тарап шет-бөтенге.

– Ол рас, – депті Бекет, – қолдағаным,
Шырқырап ұшарында сонда жаның,
Маған да әзіл айтар біреу керек,
Обал ғой сенің тірі болмағаның.

Жалма-жан жауырынымды тоса қалғам,
Сары атан белімнен кеп баса қалған.
– Нанбасаң қарай ғой, – деп шешінгенде,
Құрдастың сол арада шашы ағарған.

Түйенің төрт табаны түскен аттап,
Тұр екен жотасында мөрдей қаптап,
«Сабаз-ай!» – деп күрсінген қараған жұрт,
Жөнелген әулиенің атын жаттап.

Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар: «Иә, Бекет!» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.

Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен,
Сауында қауіп-қатер шығыпты естен:
Құлдилап сондай құздан құларымда
Арман не, «Иә, Бекет!», – деп тұрып кетсем?!

// Ғафу Қайырбеков - Бекет ата туралы аңыз
43 views14:39
Ашу / Түсініктеме
2022-08-12 17:53:34 Он екінші жігіт
Бір жігіт он екінші кербез сал-ды,
Бойына адамдықты жиып алды.
Өзіне өз жұмысы мақұл болып,
Көзіне кеңес айтар ілмес жанды.
Кісіге бойын беріп жақын келмес,
Семірген мәстек аттай майлы жалды,
Сіресіп сықырлаған тәкаппар боп,
Ойланып өзгелерден білмес халды.
Майданда кейбір жігіт жалғыз тұрар,
Ойға алмай санамастан дүние-малды.

Он үшінші жігіт
Жігіттің тағы бірі түссін еске,
Семірген ол бір сабаз қара күшке.
Базары жігіттіктің ойында жоқ,
Ойланып білмек түгіл, кірмес түске.

// Ақан сері Қорамсаұлы - Айтамын заман дасқа біраз кеңес
58 views14:53
Ашу / Түсініктеме
2022-08-12 17:53:34 Айтайын замандасқа біраз кеңес,
Жігіттік талап еткен жаман да емес.
Өнермен талпынам деп орға түссе,
Өкініп өз ісіне қайғы жемес.
Атағы артта қалған кей сабаздың,
Өлсе де, оның сөзі өлмек емес.
Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,
Бақ қонса ғажап емес ертелі-кеш.
Келгенде оралыңа ойнақтап қал,
Келмейді қайта айналып бұл жиырма бес.
Жастықта әр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тәуекел деп суға салсаң,
Еңбегің еңбектеген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.
Жігіт бар он үш түрлі біз білетін,
Соларды баяндайын құлақ салсаң.

Бірінші жігіт
Әуелі абзалында жігіт басы,
Биік боп тұрар оның дәрежесі.
Бәйгеден күнде келген ол бір саңлақ,
Жабының тең келмейді жүз бағасы.
Ілмейтін көлден таңдап қудан басқа
Алынған ақ тұйғынның томағасы.
Бір мінез, әрі дана, дарқан лебіз,
Айнымас темір қазық уәдесі.
Қолға алса күллі жанды раушан еткен,
Дүниенің мысалы абзал гауһар тасы.

Екінші жігіт
Екінші бір жігіт бар баулы құстай,
Бауынан босанбайды жазы, қыстай.
Ерігіп құсқа салса ілмей түспес,
Босатар тегеуріні мықтап қыспай.
Зауыттан жаңа шыққан екі жүзді
Алмастай, майысатын емес мыстай.
О дағы қаз ілгендей бір қаршыға,
Жіберсе бабын тауып көлге нұсқай.

Үшінші жігіт
Үшінші бір жігіт бар толық торы,
Ойлайды кез келмес деп дұшпан оры.
Ауызбен «нағыз асыл жігітпін» деп,
Кеудесін көтеретін таудай зоры.
Құлашын жас кезінде сермей алмас,
Жетсе де неше апатқа созған қолы.
Аударып бірін-бірі әкете алмас,
Тең тұрар таразыда оң мен солы.
Қырандай бау аспаған көлбелеңдеп,
Көмескі із түспеген жүрген жолы.
Білімін бір жігіттің білседағы,
He керек зая кеткен білген молы.

Төртінші жігіт
Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр,
Асыл зат ажар берген өңі тәуір.
Жетсе де неше атырапқа атақ-даңқы,
Қажымас қара етті аттай берік сауыр.
Алмай ма аманатын қолын созса,
Желдетіп соқсадағы үлкен дауыл,
Toп көрсе бәйге атындай шабатұғын,
Тұрады жалы барға өкпе-бауыр.

Бесінші жігіт
Бесінші бір жігіт бар терең ойлы,
Сыр айтып еш адамға бермес бойды.
Өнерін жақсы-жаман іште сақтап,
Шығарып майда тілмен паруат қойды.
Адамға жүйрік ақыл бере тастап,
Талайдың қабыл-ғапыл сырын жойды.
Түсіріп ақ көңілді қайласына,
Ішінен білдірместен бітеу сойды.
Ол жігіт түлкіге ұқсас айлакер-ді,
Із тастап бірдей жортты қыр мен ойды.

Алтыншы жігіт
Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған,
Арсызды ілтифат қып алқымдаған.
Ақ жарқын, ашық ықылас ол бір шахуаз,
Ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған.
Ажалсыз маған тағдыр келмейді деп,
Қарысып дұшпанынан тартынбаған.

Жетінші жігіт
Жетінші бір жігіт бар желдей есер,
Байлаусыз әр сөзінің артын кесер.
Бір көрген жат адамға сыр алдырып,
Сырының іштен жанған бәрін шешер.
Баянсыз ұшпа бұлт секілденіп,
Дүниеден бейопасыз күні кешер.

Сегізінші жігіт
Сегізінші бір жігіт сегіз қырлы,
Нық сөзді, раушан көңіл, жалғыз сырлы.
Сөзінен тартқан сымдай теріс шықпай,
Сау басын шатыстырмас іске кірлі.
Құйқылжып ақ бүркіттей төңкеріліп,
Сөйлейді әр мәжіліске әрбір түрлі.
Жігіттің оңды-солды құлқын танып,
Әркімнің өзіне сай табар тілді.

Тоғызыншы жігіт
Тоғызыншы бір жігіт бар қоңыр бөрік,
Жел шықпай қозғалмайды белгі беріп.
Тасандап шана тартқан өгіздей боп,
Шығармас сырын сыртқа сондай берік.
Кісіден алса алып, өзі бермей,
Қайла мен ақылына болған серік.
Қызбайтын топты көрсе қалың тері,
Базарда бағасы бар қырық теңгелік.

Оныншы жігіт
Оныншы бір жігіт бар қатынжанды,
Киеді қатынынан артылғанды.
Аяғын қия жерге бір баспайды,
Алдынан құрулы арқан тартылған-ды.
Біріне бірі сондай машықтасып,
Қызықпен таңды сондай атырған-ды.
Бұл жігіт әйелменен бірге қисап,
Әйелге жақын келіп ғапылданды.
Әйелдің қолтығына кіріп алып,
He айтса бәрін соның мақұлдады.

Он бірінші жігіт
Бір жігіт он бірінші өсек айтар,
Ауызбен көп адамды ол байытар.
Кішкене торсығына сөз құйып ап,
Апарып әр ауылға барып шайқар.
Жамандап бірді бірге құйылыстырып,
Қуанып ат алғандай үйге қайтар.
Дұрыс сөз ақылынан шықпаса да,
Қынадан жаман сөздің түбін байқар.
69 views14:53
Ашу / Түсініктеме
2022-08-11 17:44:00 ​​Ойсыз бір әйел тайраңдап,
Кес-кестеп өтті алдымнан.
Әйелге тұрдым қайран қап,
Жат қылық бойға алдырған.

Ұзамай тіпті қасымнан,
Құлады әйел тосыннан.
Сөмкесі кетіп бір жаққа,
Мойнындағы асынған.

Қалса да ісі ұнамай,
Жүгіре жеттім шыдамай.
Қолтықтан демеп тұрғыздым,
Әйелді ұшқан сынадай.

Бетінен ұят байқалмай,
Тұра сап белі қайқаңдай.
Жөніне кетті ақсаңдап,
Үйірден қалған байталдай.

Көп нәрсе түсіп ойыма,
Мазалай мені бастады.
Жатқаны қалай жойыла,
Салт-дәстүр, әдеп бастағы.

Қазағым қызын мәпелеп,
Ізгі ісін қолдап, қоштаған.
Мәпелі қызы, - Әке, - деп,
Алдынан қия баспаған.

Ардақты асыл Ананың,
Істері еді-ау өскелең.
Бес жасар ұл баланың,
Әжелер жолын кеспеген.

Атаның алдын келінге,
Кесуге тіпті болмаған.
Атасы емес Ерін де,
Келіндер солай қолдаған.

Заты әйел – қыздар, келіндер,
Дәстүрге сәл мән беріңдер.
Атаның алмай қарғысын,
Бата үшін терді төгіңдер.

Көбейіп сай, қыр, төстегің,
Тым жақсы өрбіп, өскенің.
Өсемін десең көркейіп,
Ерлердің жолын кеспегін!

// Мұратқали Әбдіманапов - Әжелер жолын кеспеген
158 views14:44
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 17:44:00 ​​Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.
Жамандық көрсең нәфрәтлі,
Суытып көңіл тыйсаңыз.
Жақсылық көрсең ғибрәтлі,
Оны ойға жисаңыз.
Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса, мейлі, сол айтты –
Ақылменен жеңсеңіз.
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят, хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз.
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз.

Мұны жазған кісінің
Атын білме, сөзін біл!
Осы жалған дүниеден
Шешенде өткен не бұлбұл,
Көсемде өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме.
Сізге айтамын, хаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.

// Абай Құнанбайұлы - Ғылым таппай мақтанба
@adebiett
134 views14:44
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 15:45:00 Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,
Қартаймастай көрмелік, ойланалық.
Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,
Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.

Бар ойы – өлең айтып, ән салалық,
Біреуді қалжың қылып қолға алалық.
Қызды ауылға қырындап үйір болса –
Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,
Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.
Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,
Көрсе қызар, күнде асық – диуаналық.

Жастықта бір күлгенің – бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық.

Той болса, тон киелік, жүр, баралық,
Бірімізді біріміз аударалық.
Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,
Күлкіні онша күйлеп, шуламалық.

Уайым – ер қорғаны, есі барлық,
Қиыны бұл дүниенің – қолы тарлық.
«Еһе-еһеге» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.

Салынба, қылсаң дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық:
Жарлылық, жалынышты жалтаң көздік,
Сүйкімі, икемі жоқ шалдуарлық.

Әсем салдық өлгенше кім қыларлық,
Оған да мезгіл болар тоқталарлық.
Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар,
Болмаған соң жұмыс қып мал табарлық.

Басында әке айтпаса ақыл жарлық,
Ағайын табылмаса ой саларлық,
Қалжыңбассып өткізген қайран дәурен,
Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Үзілмес үмітпенен бос қуардық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп
Жүрмесін деп, аз ғана сөз шығардық.

// Абай Құнанбайұлы
75 views12:45
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 10:40:56
50 views07:40
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 07:45:55
Қазақстандағы АҚШ елшілігі Абай күніне видео шығарды
64 views04:45
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 07:11:40
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.

// Абай Құнанбайұлы
132 views04:11
Ашу / Түсініктеме
2022-08-10 05:50:32 Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Бүгінде Абай есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы саналады. Қазақстанда ұлы Абайдың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ұлы ақынның құрметіне Қазақстан мен Ресейде ескерткіштер орнатылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында Абай шығармашылығына арналған халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар жыл сайын өткізіліп тұрады.
@adebiett
53 views02:50
Ашу / Түсініктеме