Get Mystery Box with random crypto!

Бұрынғыдай шарламай ойын көгін, Байсал тартқан салбауыр ойым м | Қазақ әдебиеті

Бұрынғыдай шарламай ойын көгін,
Байсал тартқан салбауыр ойым менің.
Билеуге де шыға алмай жер тепкілер,
Босқа отырмын құдамның тойында едім.

Көз алдымда елестеп бұла күндер,
Естілмейді құлаққа жырақ үндер.
Ерсілеу боп жастардың әрекеті,
Таппадым жан құттықтап қарағым дер.

Бұл жастардың безгенде қайда барам,
Кезігетін жалғыз той айда маған.
Асабаның қырттығы жанға шаншу,
Дәл осындай болар деп ойлағам.

Шапалақты сұранып емінгені,
Асабаның парықсыз көрінгені.
Беташарда зар қаға ақша сұрап,
Сонан бастап құлайды көңіл көгі.

Босаға аттап, келінге жаңа келген,
Бақ жұлдызы жүректе жана келген.
Ант көтертіп он бала табамын деп,
Жерге тықты ұялтып манағы елден.

Асабаның тигені-ай таяғы көп,
Қос құданың сырқырап аяғы бек.
Тумақ түгіл бітпеген немереге,
Жарыс өтті "кім атын қояды?" деп.

Тойшы жұртқа өлеңнен дес берілмей,
Асабаның көзіне ел еш көрінбей.
Сүзеген сөз намыспен арға тиіп,
Салты қалды халқымның ескерілмей.

Сүзіспесе құдалар шарды жарып,
Асаба айтса "болмайды алды жарық"
Қос құдағи сүйісіп онбір қайта,
Қысымынан жығылмай қалды нағып.

Бүгін тойлар той емес, жиын сынды,
Даңғазалы музыка құйын сынды.
Жаңа келін, жас күйеу, ата-анамен,
Өткереді басынан қиын сынды.

// Зұқай Шәрбақынұлы - Тойға көңіл толмады