Get Mystery Box with random crypto!

Алмат Жайлаубаев

Telegram арнасының логотипі almatzhai — Алмат Жайлаубаев А
Telegram арнасының логотипі almatzhai — Алмат Жайлаубаев
Арна мекенжайы: @almatzhai
Санаттар: Блогтар , Психология
Тіл: қазақ
Жазылушылар: 1.45K
Арнадан сипаттама

🇰🇿Проректор SDU University
🇰🇿«Ментор» кітабының авторы
🔹Инстаграм парақшам: @almatzhai
🔹Жекеге хабарласқыңыз келсе @almatzhai2

Ratings & Reviews

2.33

3 reviews

Reviews can be left only by registered users. All reviews are moderated by admins.

5 stars

0

4 stars

0

3 stars

2

2 stars

0

1 stars

1


Соңғы хабарлар 9

2021-05-11 16:55:13 Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 6-шысы:

6. Бастаған істі аяқтау.

Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі - бастаған істі аяғына дейін жеткізу әдеті.

Кез-келген кісі бір іс бастауы мүмкін. Бірақ мықтылар ғана сол істі соңына дейін жеткізеді. Бір істің басталғаны әлбетте жақсы. Дегенмен мәселе ол істің басталуында емес, оның сәтті түрде аяқталуында.

Егер кітап жазуды бастап, бітірмесеңіз, қалай жазушы атана аласыз? Арықтау үшін спортқа жазылып, 1 айдан кейін тастап кетсеңіз, қалай салмақ тастайсыз?

Қандай да болмасын аяқталған іс - жартылай қалған істен жақсы. Өйткені сол істі бітірсеңіз ғана көп тәжірибе аласыз. Талай нәрсе үйренесіз.

Жартылай қалған іс - басталмаған іспен тең!

Ал бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін, аяқтауды басты мақсат етіп алыңыз. Істің мінсіз болуы, басқалардың қолдауы, танымал болу сияқты мәселелер - басты мақсатқа жатпайды.

Өйткені істі аяқтап-аяқтамау 100% өз қолымызда. Кім болсаңыз да, не істеп жатсаңыз да маңызды емес. Басты мақсатыңыз - істі бітіру болған сәтте, сізді ешкім тоқтата алмайды. Осыны түсініп, жүзеге асырған кезде ісімізден ләззат ала бастаймыз. Мотивацияның көкесі.

Адамның көбі бастаған істерін бітірмейді. Сіздің айырмашылық - осы жерде байқалады. «Көппен көрген ұлы той» деп кетпесеңіз, әрине.

Бір істі аяқтау – келесі істің басталуына серпін береді. Осы заңдылықты да ұмытпаңыз.

Осымен Темірдей Тәртіп қалыптастырудың соңғы 6-шы жолын да тәмамдадық. Соңына дейін жеткізу – кайф қой .

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
325 viewsAlmat Zhailaubayev, edited  13:55
Ашу / Түсініктеме
2021-05-10 10:37:11 Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 5-шісі:

5. Мақсатты қайталап отыру.

Мына парсы мақалына ой жүгіртіп көріңізші:

“Жинау мақсат болса - алтын ба, тас па бәрібір.”

Сіз қалай түсіндіңіз? Мен болсам бұл мақалдан мынадай ой түйдім:

Әр адам мақсат қоя алады. Маңыздысы - сол мақсаттың пайдалы болуында. Әйтпесе уақыт пен энергияның құр кеткені.

Мысалы кітап оқу мақсат болса, алдымызға келгенін оқи береміз. Ал жазу өнерін дамытуды көздесек, сол туралы кітаптар оқи бастаймыз. Қайсы пайдалы?

Темірдей тәртіп қалыптастыру үшін мақсатымыз нақты болуы керек. Суретті өте жақыннан қарасақ, белгілі бөлшектерін ғана көреміз. Ал шамалы алыстан көз салсақ, әлгі суретті толықтай көре аламыз. Демек мақсатымыз аспандағы күндей жарқырап тұруы керек.

Ол үшін күн сайын мақсатты қайталап, есте ұстап отыру - өте маңызды. Сонда ғана керекті әрекеттер жасап, қиындықтарға қарамай, діттеген межемізге жол ала бастаймыз. Өйткені біз себепсізден-себепсіз әрекет жасамайтын жанбыз ғой.

Біз неге “уақытым жоқ” дейміз? Өйткені майдашүйде жедел істермен айналысып, маңызды істерге уақыт таппай жатамыз.

Парето заңы бойынша 20% маңызды іс - 80% нәтижеге жеткізеді. Ал біз 80% жедел істерді жасап, 20% нәтижеге ғана қол жеткіземіз. Сол себепті басты мақсаттан адасып, өмірден түңіліп жүреміз.

Сөздің соңы. Бұл проблеманы шешудің оңай жолы - күн сайын басты мақсатымызды жазып отыру. Келешекті қалағанымыздай қиялдап, елестету. Таң ерте тұра салып, осыларды жасау керек. Сонда шабыттанып, әрекет ете бастаймыз. Зейініміз бір жерге жиналып, бар күшімізді сол іске саламыз. Жинақылық пайда болады. Темірдей Тәртіп осылай қалыптаса бастайды.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
764 viewsAlmat Zhailaubayev, edited  07:37
Ашу / Түсініктеме
2021-05-09 08:13:43 Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 4-шісі:

4. Кедергілер.

Артымыздан жауһардай туынды [шедевр] қалдыру - оңай шаруа емес. Бұл жолда қыруар уақыт пен көп күш жұмсалады. Кедергіге тап болып, уақытша сәтсіздікке де ұшыраймыз. Бірақ мына заңдылықты естен шығармайық:

“Түннің қоюлана түсуі - қара түнекті қақ жарар таңғы шұғыланың жақындағанын білдіреді.”

Яғни әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар. Бұл Алланың қойған заңдылығы. Дегенмен көп адамдар кедергілерге тап болып, дәл таңның шапағы атар уақытта беріліп қояды. Шамалы шыдап, ерік-жігерін қолданып, сабыр қылса, жетістіктің жемісін көрері айқын.

Бұл дүние - сынақтар әлемі. Сынақ болған жерде кедергілер көп болады. Әр кісінің өмірінде сондай қиын сәттер болған шығар.

Мысалы: осы жылы апам қайтыс болып, қатты қайғырдым. Бір аптадан кейін соқырішегім жарылып, ота жасалды. Отадан кейінгі қиындықтарды жазбай-ақ қояйын. 6 күн не су, не тамақ ішпей 13 келі арықтадым. Алматыда ковидтің қаптауына байланысты, ауруханадан мені үйге ерте шығарды.

Артынша ковид болып, қайта ауруханаға түстім. Дем жетпей, дене қызуым түспей, жүрегім айнып, әбден маза кетті. Онымен қатар ота жасалған жерімнің тігістері бітпеген, әлі ашық еді. Орнымнан тұрудың өзі ақырет. 18 келі арықтап, әлсіз күйде жатырмын. Дәл сол сәтте ештеңеге тәбетім бармай, беріле салу ойыма келді. Міне осы сәт - сын сағаты. Осы жерде берілмей, ерік-жігер таныту керек екен.

[Алланың қалауымен, бүгін міне осы жазбамды табиғат аясында жазып отырмын. Жазған сайын ләззат алудамын. Аллаға шүкір!]

Әркімнің сынағы әртүрлі. Ең бастысы берілген мысалдағыдай қиын сәттің сын сағатында жеңілмеңіз. Өйткені кедергілер - адамды кемелдікке жеткізеді. Ал кемелдік жетістікке жетелейді. Жетістікке жету оңай болғанда, екінің бірі жеңімпаз болар еді ғой. Әрине қиын екені сөзсіз. Сол үшін де жетістіктің дәмі өзгеше.

Сөздің соңы. Осы жазбадан бір-ақ нәрсе үйренер болсаңыз, мынау болсыншы:

“Қандай да болмасын сәтсіздікке ұшырасаңыз, кедергілерге кезігіп, қиындыққа тап болсаңыз, ЕШҚАШАН БЕРІЛМЕҢІЗ!”

Кедергілер арқылы ғана біз ТҰЛҒА болып қалыптасамыз. Ал тұлға болып қалыптасу үшін Темірдей Тәртіп керек. Темірдей Тәртіп қалыптастырғыңыз келсе, кедергілерді жеңуді үйреніңіз.

https://t.me/almatzhai
1.1K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  05:13
Ашу / Түсініктеме
2021-05-08 08:05:01 Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 3-шісі:

3. Болашақты болжау.

Авраам Линкольн: “Болашақты болжаудың ең жақсы тәсілі - оны өзің жасай баста” деп керемет айтып өткен.

Айтылған сөзді тереңірек түсінуге тырысып көрейік. Ол үшін Данияр Жігітбек мырзаның сөзіне жүгінеміз: “Қазір жан-жағыңда кірпіштер шашылып жатыр. Энергия, білім, уақыт, мүмкіндік кірпіштері. Соны бір-бірден алып, "ақырын жүріп, анық басып", қалай баста. Сонда 30-ға қарай кемінде бір орда салып тастайсың. 30-да жүйесіз жатқан құр кірпіштердің үйіндісін көргің келмейтін шығар?”

Жоғарыдағы мәтінді тағы бір рет оқып шығыңызшы. [Мысалы мен мағыналы мәтіндерді екі-үш қайтара оқимын. Өзіме өмірлік дәріс шығаруға тырысамын.]

Сонымен 10 жылдан кейін қайда болатыныңызды білгіңіз келсе, қазіргі өміріңізге қараңыз. Мақсатыңызға жету үшін қандай амалдар жасаудасыз? Даму мен кемелдену жолында қанша кітап оқып жатсыз? Қандай жаңа қабілеттер мен әдеттер қалыптастырудасыз? Қандай кісілермен қарым-қатынас құрып жүрсіз? Арманға қол жеткізу үшін жеткілікті күш салудасыз ба?

Кішкентай кезде көп ертегі тыңдап, оқыған едік. Сол себепті болса керек, келешекте арманымыз қандай да бір сиқырлы оқиға арқылы кенеттен орындалады деп ойлаймыз. Бірақ олай болмайтынын бәріміз білеміз.

Өзіңізді өзгерткен жағдайда ғана өміріңіз өзгереді. Қазіргі жағдайыңыздан риза болмауыңыз мүмкін. Бірақ соны өзгерту үшін әрекеттер жасап жатсыз ба? Әрекет жоқ болса, сіз ертегі әлемінде жүрсіз деген сөз.

Күнделікті жасайтын істеріңізді өзгерпейінше болмайды. Аристотель 2000 жыл бұрын: “Күн сайын не істесек, біз соған айналамыз. Өйткені шеберлікке жеткізетін - әдеттер.” - деп кеткен.

2Gis қосымшасын бәріңіз білесіз. Ал енді сол 2Gis’те Шымкент картасымен Алматыдағы бір мекен-жайды іздесек, ешқашан таба алмаймыз, дұрыс па? Адасып, әлек боламыз. Табу үшін картаны Алматы қаласына ауыстыру қажет. Дәл солай мақсат қойып, басқа істер жасап жүру - адасушылық. Домбырам не дейді, мен не дейміннің әңгімесі ғой.

Дұрыс жолда келе жатқаныңызды GPS арқылы біле аласыз. Ал мақсатыңыздың бағытын біліп отыру үшін, дұрыс сұрақтар керек. Әркім өз мақсатына қарай сұрақтар шығарып алсын. Мысалы: “Қазіргі жасап жатқан істерім - мақсатыма жетуге қаншалықты септігін тигізіп жатыр?” Осындай сұрақтарға жауап берсеңіз, не істеу керектігін білесіз.

ДҰРЫС ТАҢДАЛҒАН МАҚСАТ ҚАНА - ІШТЕГІ ЖАЛЫНДЫ ОЯТЫП, ӘРЕКЕТКЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ.

Темірдей Тәртіп қалыптастырғыңыз келсе, ендеше болашағыңызды болжаңыз. Қаласаңыз бұл жазбамды тағы бір рет оқып шығыңыз. 5 минут көп емес, бірақ пайдасы орасан зор.

https://t.me/almatzhai
1.3K viewsAlmat Zhailaubayev, 05:05
Ашу / Түсініктеме
2021-05-07 06:08:54 Біреу университетке түсуді, ал біреу бітіруді армандайды. Оқуы бітіп жатқандар магистратура, PhD оқуды н/е жұмыс жасауды жоспарлайды.

Біреу үйленуді, біреу балалы болуды қалайды. Адамда арман біткен бе?! Қалаулар ешқашан таусылмайды.

Өмір - өзен, әне-міне дегенше өтеді де кетеді. Ал біз болсақ, жүзеге аспаған арманымыз бен жоспарымызды ішімізге тыға береміз, тыға береміз.

Еминем братанның бір өлеңі былай басталады: One shot, one opportunity (бір атым оқпен нысанаға тигізер бір мүмкіндік).

Ақыры күш жұмсап, еңбек етеміз. Жоспарлап, әрекет жасаймыз. Уақыт бәрібір кетеді. Неге ең күштісіне қол созбасқа?! Қол жетпесе әйтеуір жеткен жерінен алу қашпайды ғой.

Сол себепті ең мықты, ең қиынын таңдап, жолды соған қарай жоспарлау керек!

Мысалы оқушылар мен студенттер:

Гарвард, Принстон, Колумбия, Йель, Оксфорд, Кембридж, Стенфорд сияқты университеттерге ұмтылу керек.

Ақыры армандаған соң, ақыры жоспарлаған соң, осылар болсын! One shot, one opportunity.

Мақсатыңыз әрдайым биік болсын!

https://t.me/almatzhai
1.3K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  03:08
Ашу / Түсініктеме
2021-05-06 13:53:45 Темірдей Тәртіп [ТТ] қалыптастырудың 6 жолының 2-шісі

2. Жетістіктің дұшпаны.

Брайан Трейсидің айтуы бойынша, жетістікке жетудің ең қас дұшпаны - қиындықтан қашу екен.

Су +100°C дәрежеде қайнайды. Ал темірдің бір қалыпқа келуі үшін +1500°C градуста балқуы керек. Бокстан олимпиада чемпионы болғысы келген адам, тер төгіп, талай таяқ жейтіні белгілі. 9 ай шыдам, толғақ пен туудан қорқпаған ғана бала сүйеді. Демек бір жетістікке қол жеткізу үшін қиындықтан өту қажет. Бұл заңдылық.

Енді күн сайын дамып-дамымай жатқанымызды қалай білеміз? Күн сайын деген 6-12 ай сияқты ұзақ мерзім емес қой. Мысалы дене қызуы градусникпен өлшенеді. Машинаның жылдамдығы спидометрден білінеді. Ал біздің даму процесін қалай өлшейміз?

Егер күнделікті істеп жатқан ісімізде қиналып жатсақ, демек дамып жатырмыз деген сөз. Қиналу - біздің даму мен кемелденіп жатқанымыздың көрсеткіші. Жанкештілік деген сөзді білесіз бе?

Жанкештілік дегеніміз - өлермендей бір іске берілу деген сөз. Бір істе жанкештілік көрсетпеген ешқашан қиналмайды. Ал қиналмаған жерде жетістіктің иісі де болмайды.

Қиындықсыз бір істе тереңдеу мүмкін емес. Ісін жақсы білмеген адамның өзіне деген сенімі төмен болады. Сенімі аз кісі көбіне жалқау, ынжық болып келеді. Сол үшін қиналудан қашпауымыз керек. Керісінше бір мүмкіндік ретінде қабылдап, табандылық таныту қажет.

Кез-келген мақсатқа жету үшін 3 нәрсе керек. 1) Не қалайтыныңызды нақты бекітіп алыңыз; 2) Қалауыңызға жеткізетін жоспар жасаңыз; 3) Күн сайын еңбек етіп, әрекет етіңіз!

Алдыңғы екеуі оңай негізі. Адамдардың қиналатыны үшіншісі. Ал сіз жетістікке жетуге лайықсыз. Сондықтан қиындықтан қашпаңыз!

Қиындықтар адамды шынықтырып, Темірдей Тәртіпті (ТТ) қалыптастырады.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
1.4K viewsAlmat Zhailaubayev, 10:53
Ашу / Түсініктеме
2021-05-06 06:44:13 Өз өмірімнен бір мысал:

Тақырып: “Түркияның ең мықты университетіне қалай түстім?”

- Сенім [адамның өзіне деген сенімділігі] - қалаған арманына жеткізеді, ал әлсіздігі болса - құрдымға жібереді. Өйткені мақсатқа жетудің екі шарты бар: біріншісі - істей алатыныңызға шексіз СЕНУ, екіншісі - ӘРЕКЕТ | ЖАСАУ.

- Сенім мен Әрекеттен кейін, адам бойында ешқашан берілмеу және тәртіп [дисциплина] сақтау қасиеттері болуы керек!

Сонымен 2003 жылдан бастап, Жанат досыммен бірге, Түркияға дайындала бастадық. Колледж жатақханасында тұрамыз. Таң ертемен 4.30'да тұрып, бірге жүгіріп келеміз. Жуынып болған соң, 5.00-5.30 шамасында университет дайындығын бастап кетеміз.

8.30’да болса тамаққа барып, 9.00-17.00 арасы сабақта болатын едік. Ал кешкі 19.00-21.00 арасы тағы үй жұмысын орындау этюд уақыты болатын. Қалған уақытты өзімізді дамытумен: кітап оқумен, тіл үйренумен өткізетін едік.

Сонымен 2004 жылы Жанат досым, Түркияға университетке түсіп кетті. Мен болсам тағы 2 жылым бар деп, қала бердім.
Жалғыздың үні шықпас демекші, қасыма менімен дайындалатын группамдағы достарымды қоса бастадым.

Кейін группамыз екіге бөлінді: OWL (үкі) - түнгі 3.00-ке дейін ұйықтамай сабақ оқитындар мен LARK (бозторғай) 3.00-те тұрып сабақ оқитындар болып.

2 жылда Түркияға барам деген сенім мен әрекет жетерлік. Бірге дайындалған 7-8 бала болдық. Мен екі эмтихан тапсырдым. [TCS және YÖS деген] Екеуімен де университетке түстім. Бірақ таңдауым BOĞAZİÇİ деген Түркияның Гарварды саналатын университеті болды.

Сөйтіп, дайындалған 7 бала Түркия оқу орындарына түсті. Бірақ 6 бала болып бардық. Оның ішінде досым Қуаныш Шонбай да бар еді.

Бұл жердегі маңызды мәселе - 16 жасымызда өзімізге мақсат қойдық. Одан кейін өзімізге сеніп, аянбай тер төгіп, ертелі кеш демей тәртіппен, берілмей, әлсіздік көрсетпей дайындалдық. Нәтиже Алладан!

Сөздің соңы. Сеніңіз, әрекет жасаңыз! Тәртіп пен берілмеуді - дос, ал әлсіздікті - дұшпан етіп алыңыз! Қолыңыздан келеді!

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
1.5K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  03:44
Ашу / Түсініктеме
2021-05-05 08:44:15 Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 1-шісі:

1. “100% мен” формуласы.

Ең алдымен “100% мен” формуласын өзімізге өмірлік қағида (принцип) етіп алуымыз керек.

Өмірлік мақсатыңыз қандай да болмасын, жетістікке жету үшін бір заңдылыққа бағыну қажет. Ол заңдылық мынау: “Сіз үшін ешкім Эверест шыңына шықпайды”.

Сіздің денсаулық, жанұя, қаржы, тұлғалық даму мен бақытыңыз үшін ешкім жауап бермейді. Барлығына тек өзіңіз жауаптысыз. Өйткені таңдау мен шешім қабылдау өз қолыңызда.

Сонымен ТТ қалыптастыру үшін “100% мен” формуласы керек. “100% мен” формуласы - барлық жағдайда (сәтсіздік, жеңіліс болса да) жауапкершілікті 100% өз мойнымызға алуды білдіреді. Өйткені Құранда:

«Бастарыңа келген әрбір бәле-жала өз қолдарыңмен істегендеріңнің салдарынан болады...» [Құран 42:30] - делінген.

Біреу сізге ауыр сөз айтса, қалай жауап беру өз еркіңізде. Оқу орны мен мамандық таңдау да өз қолыңызда. Тіпті жар таңдау да сіздің қалауыңыз. Сол үшін біреуді кінәлау, шағымдану сияқты жаман қасиеттерден аулақ болыңыз. Егер жақсы өмір сүрем десеңіз, шешім қабылдар алдында жеті рет өлшеп, бір рет пішіңіз. Өкінбейсіз.

Сайып келгенде біреуді кінәлаумен не өзгерте аласыз? Отырып алып шағымдана бергеннен қандай пайда бар? Өміріңізді тек өзіңіз ғана өзгерте алатыныңызды жадыңыздан шығармаңыз.

«Шын мәнінде, адам өзі өзгермейінше, Алла оның (жағдайын) өзгертпейді» [Құран 13:11]

PS. “100% мен” формуласын қолданғанда беретін пайдалары:

- Ешкімнен кінә іздемейсіз;
- Шағымдануды ұмытасыз;
- Дұшпаныңыз азайып, досыңыз көбейеді;
- Қате жасалса, түзету жолдарын іздейсіз;
- Өзіңіз әрқашан даму мен кемелдену жолында боласыз;
- Өміріңізге ТТ қалыптастырасыз.

https://t.me/almatzhai
1.5K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  05:44
Ашу / Түсініктеме
2021-05-04 09:28:59 Темірдей Тәртіп (ТТ)* қалыптастырудың 6 жолы

*(дисциплина)

Дәл қазір өз жағдайыңызға, жалпы өміріңізге көз жүгіртіп көріңізші. Қалаған өміріңіз осы ма еді? Әрине көп нәрсеге көңілдің толмайтыны белгілі.

Әр нәрсеге сылтау табылады. Бірақ бүгін бітпес сылтауларды қоя тұрыңыз. Бір нәрсені айқындап алайық. Сіз ойлағандай өмірдің болмауына – темір тәртіптің (ТТ) жоқтығы себепші. Яғни, маңызды және қажетті нәрселерді уақытында жасамайсыз деген сөз.

Бәрі біледі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін. Мысалы денсаулық үшін қандай тағамдардың зиян екенін білеміз. Бірақ бәрібір барып жейміз. Жетістікке жету үшін нелер жасалу керек екенін білеміз. Бірақ кейінге қалдыра береміз. Демек білу – жеткіліксіз. Сондықтан білімді жүзеге асыру үшін темірдей тәртіп (ТТ) керек.

Элберт Грин Хаббард ТТ жайында былай дейді: «Қажет болғанда өзіңе керек нәрсені қаласаң да, қаламасаң да жасай білу қабілеті». Күн сайын үздіксіз даму мен әрекеттердің арқасында жетістікке жетесіз. Ал ол үшін сізге не қажет? Әрине - Темірдей Тәртіп (ТТ) қажет!

Ендеше Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолын 6 күнге бөліп, күн сайын біреуін шығарып отырамын!

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
1.6K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  06:28
Ашу / Түсініктеме
2021-05-04 02:42:47 Шабыт келгенде

Мектеп кезінде өлең жазуға құмартушы едім. Риясыз балалық қиялдарымды қағаз бетіне түсіруден ләззат алатынмын. Өсе келе осы қабілетімді шыңдаудың орнына, тастап кеттім.

Алдыңғы жылы Астанамыздың аты ауысқан кезде, елімізде белгілі бір оқиғалар орын алған болатын. Соған байланысты, қынжылып, шабытым келіп, жас кезімдегі отым лаулап, өлең жазып жіберіп едім.

Сіздермен бөлісейін:

Күйіп, пісіп,
Мұңға түсіп,
Тұр ғой күлкім түңіреніп.
Сыртым бүтін,
Ішім түтін,
Қара, досым, үңіліп.

Аспан ашық,
Шуақ шашып,
Күн тұр көкте жарқырап.
Тұман басып,
Қалдым сасып,
Болса-дағы күн жарық.

Делебем қозып,
Жүйкем тозып,
Қайшылыққа тап болдым.
Алаң болма,
Аллаң барда,
Дегенді естіп толқыдым.

Біз енді Данияр Жігітбек мырза сияқты профессионал емеспіз. Дегенмен, ары қарай дамытсам шыңдала түсетініне күмәнім жоқ.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai
1.5K viewsAlmat Zhailaubayev, edited  23:42
Ашу / Түсініктеме