Get Mystery Box with random crypto!

Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 5-шісі: 5. Мақсатты | Алмат Жайлаубаев

Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 5-шісі:

5. Мақсатты қайталап отыру.

Мына парсы мақалына ой жүгіртіп көріңізші:

“Жинау мақсат болса - алтын ба, тас па бәрібір.”

Сіз қалай түсіндіңіз? Мен болсам бұл мақалдан мынадай ой түйдім:

Әр адам мақсат қоя алады. Маңыздысы - сол мақсаттың пайдалы болуында. Әйтпесе уақыт пен энергияның құр кеткені.

Мысалы кітап оқу мақсат болса, алдымызға келгенін оқи береміз. Ал жазу өнерін дамытуды көздесек, сол туралы кітаптар оқи бастаймыз. Қайсы пайдалы?

Темірдей тәртіп қалыптастыру үшін мақсатымыз нақты болуы керек. Суретті өте жақыннан қарасақ, белгілі бөлшектерін ғана көреміз. Ал шамалы алыстан көз салсақ, әлгі суретті толықтай көре аламыз. Демек мақсатымыз аспандағы күндей жарқырап тұруы керек.

Ол үшін күн сайын мақсатты қайталап, есте ұстап отыру - өте маңызды. Сонда ғана керекті әрекеттер жасап, қиындықтарға қарамай, діттеген межемізге жол ала бастаймыз. Өйткені біз себепсізден-себепсіз әрекет жасамайтын жанбыз ғой.

Біз неге “уақытым жоқ” дейміз? Өйткені майдашүйде жедел істермен айналысып, маңызды істерге уақыт таппай жатамыз.

Парето заңы бойынша 20% маңызды іс - 80% нәтижеге жеткізеді. Ал біз 80% жедел істерді жасап, 20% нәтижеге ғана қол жеткіземіз. Сол себепті басты мақсаттан адасып, өмірден түңіліп жүреміз.

Сөздің соңы. Бұл проблеманы шешудің оңай жолы - күн сайын басты мақсатымызды жазып отыру. Келешекті қалағанымыздай қиялдап, елестету. Таң ерте тұра салып, осыларды жасау керек. Сонда шабыттанып, әрекет ете бастаймыз. Зейініміз бір жерге жиналып, бар күшімізді сол іске саламыз. Жинақылық пайда болады. Темірдей Тәртіп осылай қалыптаса бастайды.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын, достарым!

https://t.me/almatzhai