Get Mystery Box with random crypto!

Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 4-шісі: ⠀ 4. Кедергі | Алмат Жайлаубаев

Темірдей Тәртіп қалыптастырудың 6 жолының 4-шісі:

4. Кедергілер.

Артымыздан жауһардай туынды [шедевр] қалдыру - оңай шаруа емес. Бұл жолда қыруар уақыт пен көп күш жұмсалады. Кедергіге тап болып, уақытша сәтсіздікке де ұшыраймыз. Бірақ мына заңдылықты естен шығармайық:

“Түннің қоюлана түсуі - қара түнекті қақ жарар таңғы шұғыланың жақындағанын білдіреді.”

Яғни әр қиындықтың артында бір жеңілдік бар. Бұл Алланың қойған заңдылығы. Дегенмен көп адамдар кедергілерге тап болып, дәл таңның шапағы атар уақытта беріліп қояды. Шамалы шыдап, ерік-жігерін қолданып, сабыр қылса, жетістіктің жемісін көрері айқын.

Бұл дүние - сынақтар әлемі. Сынақ болған жерде кедергілер көп болады. Әр кісінің өмірінде сондай қиын сәттер болған шығар.

Мысалы: осы жылы апам қайтыс болып, қатты қайғырдым. Бір аптадан кейін соқырішегім жарылып, ота жасалды. Отадан кейінгі қиындықтарды жазбай-ақ қояйын. 6 күн не су, не тамақ ішпей 13 келі арықтадым. Алматыда ковидтің қаптауына байланысты, ауруханадан мені үйге ерте шығарды.

Артынша ковид болып, қайта ауруханаға түстім. Дем жетпей, дене қызуым түспей, жүрегім айнып, әбден маза кетті. Онымен қатар ота жасалған жерімнің тігістері бітпеген, әлі ашық еді. Орнымнан тұрудың өзі ақырет. 18 келі арықтап, әлсіз күйде жатырмын. Дәл сол сәтте ештеңеге тәбетім бармай, беріле салу ойыма келді. Міне осы сәт - сын сағаты. Осы жерде берілмей, ерік-жігер таныту керек екен.

[Алланың қалауымен, бүгін міне осы жазбамды табиғат аясында жазып отырмын. Жазған сайын ләззат алудамын. Аллаға шүкір!]

Әркімнің сынағы әртүрлі. Ең бастысы берілген мысалдағыдай қиын сәттің сын сағатында жеңілмеңіз. Өйткені кедергілер - адамды кемелдікке жеткізеді. Ал кемелдік жетістікке жетелейді. Жетістікке жету оңай болғанда, екінің бірі жеңімпаз болар еді ғой. Әрине қиын екені сөзсіз. Сол үшін де жетістіктің дәмі өзгеше.

Сөздің соңы. Осы жазбадан бір-ақ нәрсе үйренер болсаңыз, мынау болсыншы:

“Қандай да болмасын сәтсіздікке ұшырасаңыз, кедергілерге кезігіп, қиындыққа тап болсаңыз, ЕШҚАШАН БЕРІЛМЕҢІЗ!”

Кедергілер арқылы ғана біз ТҰЛҒА болып қалыптасамыз. Ал тұлға болып қалыптасу үшін Темірдей Тәртіп керек. Темірдей Тәртіп қалыптастырғыңыз келсе, кедергілерді жеңуді үйреніңіз.

https://t.me/almatzhai