Get Mystery Box with random crypto!

Қуанамын Фәниге сәби келсе қуанамын, Табыңдар қуантудың бір а | Ершат Қайболдин

Қуанамын

Фәниге сәби келсе қуанамын,
Табыңдар қуантудың бір амалын.
Әйтеуір, мен барымды шығарамын,
Сүйінші сұраңдаршы, сұранамын.

Бәрібір шығыстан ба, батыстан ба,
Не жетсін бесік тойға қатысқанға?
Шіркін-ай, ешкім зәру болмаса ғой,
Бір тұтам атқамінер, атұстарға!

Бар қазақ қыз ұзатып, келін алса,
Ұрпағы батыр болса, сері болса.
Мал мен тал қалмаса да атасынан,
Мал бағып, тал егетін жері қалса!

Мал бағып, тал егу де - ғылым-білім,
Ол бәлкім салты шығар бұрынғының?
Айдың-күннің, жұлдыздың болашақта,
Ұрпағымыз түсінер сырын-мұңын!

Ұлым тілін түсінер күн нұрының,
Қызым тілін түсінер қыр гүлінің.
Түсінбесе өкпе жоқ ұл-қызыма,
Тілін білсе болғаны болғаны бір-бірінің!

Ершат Қайболдин