Get Mystery Box with random crypto!

Құйсаңшы, бауырым! Бұлдыр-бұлдыр болашақ беймағұлым, Сезсеңде | Ершат Қайболдин

Құйсаңшы, бауырым!

Бұлдыр-бұлдыр болашақ беймағұлым,
Сезсеңдер ғой жанымның қиналуын.
Азан-қазан ойлардан құтылайын,
Қымызыңнан қанекей құй, бауырым!

Шайқап-шайқап құйсаңшы құтырғанын,
Құтырғаннан әйтпесе құтылмадым.
Құрып кеткір қулар-ай қара құрттай,
Жер-жаһанға жайыпты тұқымдарын.

Тостағыңды төңкеріп сімірейін,
Тәлтіректеп құлайын, сүрінейін.
Сілкінейін, қайтадан тірілейін,
Қашамаңғы түнеріп, түңілейін?!

Қымызыңның тәуірін татырмадың,
Ашығанын берсеңші, ақырғанын.
Ақыныңды азаптан құтқарып қал,
Ақылыңды қоя тұр, ақылманым!

Қылышыма қан жұғып, ұртыма май,
Қымыз ішсем оянар рухым оңай!
Менің рухым - Махамбет, ұлтым - Абай.
Батыр қылған қазақты, ақын қылған,
Жылқылар-ай, жылқылар, жылқылар-ай!

Ершат Қайболдин