Get Mystery Box with random crypto!

Қыс - қария Қабағыңнан қар жауып жапалақтап, Қыс - қария, кел | Ершат Қайболдин

Қыс - қария

Қабағыңнан қар жауып жапалақтап,
Қыс - қария, келдің бе сақалы аппақ,
Ару - күзді ұзатып салу үшін,
Бір-екі ауыз алдың ба бата жаттап?!

Тірі қалып лайсаңнан, батпақтардан,
Күз - бойжеткен пәктігін сақтап қалған.
Қыс - қария, қызыңа кесіп-пішіп,
Аппақ көйлек тігіп бер аппақ қардан.

Күз - сылқымға ыстық-ау ұшқан ұя,
Сыңсу айтып қимай жүр құстар, иә?
Қыз жасауын бермейтін сараң байдай,
Отырсаң-ау сұстанып, қыс - қария.

Қыс - қария, қымбат па қу қара бас?
Қызың кетіп барады тыр жалаңаш!
Тау да, бау да көзімен ішіп-жеп тұр,
Сұлуларға сұқтанып кім қарамас?!

Күз - бойжеткен тағдырға қайтіп көнер?
Әлі бізге мұң-зарын айтып берер!
Қайтып келген қыздай боп соры қалың,
Әй, осы күз түбінде қайтып келер…

Ершат Қайболдин