Get Mystery Box with random crypto!

Қараша Қарашада қара бұлт ағыл-тегіл Жылап тұр-ау, жылай бер, | Ершат Қайболдин

Қараша

Қарашада қара бұлт ағыл-тегіл
Жылап тұр-ау, жылай бер, жарыл-төгіл!
Жыламас ем, ешкімді жұбатпас ем,
Жүрегім - тас болса ғой, тәнім - темір.

Жүрегіміз тас емес білем біздің,
Сүртіп берем көз жасын күрең күздің.
Гүлден нәзік, мақтадан жұмсақ екем,
Ортасында өскендей кілең қыздың.

Саябақта сары күз, сары уайым,
Аралайын, уайымнан арылайын.
Ордендерін жоғалтқан қаһармандай,
Жапырақсыз қалыпты-ау кәрі қайың.

Қоңыр күзде қоңыр мұң кешіп келем,
Тоңғандарға тонымды шешіп берем.
Мезгілдер-ай, асыққан, кешікпеген!
Төсекке емес, таққа емес, табытқа емес,
Әлі жатқым келеді бесікке мен.

Қарашада қар жапты алтын күзді,
Ерте келіп қыс неге антын бұзды?
Көкжәшікте бір көкем көсемсіп тұр,
Ертең ол да алдайды бәлкім бізді…

Ершат Қайболдин