Get Mystery Box with random crypto!

Аралас мектеп керек пе? - деуден бұрын бір кіріспе. Заң бойын | AYATZHAN / Мінез!

Аралас мектеп керек пе? - деуден бұрын бір кіріспе.

Заң бойынша баласын қандай тілді мектепте оқытуды ата-ана өзі шешеді. Оны зорлап қазақ тілді мектепке бергізе алмайсың, міндеттей алмайсың. Себебі ол - конституциялық құқы. Сондықтан Білім басқармаларына аралас мектеп ашпа деп айта алмайсыз. Бес ата-ана орыс сыныбына өтініш жазып тұрса, департаменттің ашпауға заң бойынша құқы жоқ. Ол үшін не істемек керек? Сәлден соң қайта оралам бұл мәселеге.

Ал біреу менен аралас мектеп керек пе? - деп сұраса, керек деп жауап беремін. Басқа бізде таңдау жоқ. Егер аралас мектеп ашпасақ, онда біз орыс мектебін ешқашан жоя алмаймыз. Орыс мектептері дами береді керісінше. Ал бұл мемлекетте орыс тілді әлем мен қазақ тілді әлемнің екі бөлек өмір сүруі екі бөлек ойлануын жалғастыра береді. Бұл - бір тұтас ел болуға үлкен қауіп. Сондықтан бір бірінші аралас мектептің емес, орыс мектептерінің санын азайтумен, орыс мектептерін аралас мектепке айналдыруға күш салуымыз керек. Басқа таңдау әзірге жоқ.

Өкінішке, ата-аналар арыз жазса да, орыс мектебін қазақ мектебіне өзгертпей отырған, соның кесірінен баласын қазақша оқыту үшін басқа ауылға көшкен немесе тасып оқытып жүрген ата-аналар бар. Бұндай мектептерді нақты анықтап, қазақ сыныбын ашқызуымыз керек. Ол үшін Білім басқармаларына мемлекетшілдік сана мен ұлттық таным һәм мінез керек. Қатты армандап кеттім бе, біздің шенділерде болмайтын нәрсені армандап...

Енді жұрт неге аралас мектепті жек көреді?
Неге аралас мектептің қазақ сыныбы да орысша сөйлеп шығады? Енді осыны талдап көрейік.
Ең сорақысы біздің аралас мектептегі іс-шараның бәрі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде өтеді. Бұл жерде басты кінә мектеп әкімшілігінде, нақты айтқанда, мектеп директорында.

Нұр-Сұлтан қаласындағы біраз аралас мектепті зерттеген кезімде мектеп директоры қандай тілді мектеп сондай тілге басымдық беретінін көрдім. Орыс тілді директор іс-шараның бәрін орыс тілінде өткізеді, мектептің педагогикалық кеңесі, әдістемелік кеңесі, тәрбие іс-шаралары толық орыс тілінде өтеді. Қазақ сыныптарына орыс тілді мұғалімдер сабақ береді. Ол жердегі қазақ сыныптары жетімнің күйін кешіп отыр. Мәселе дәл осында. Астанада бір аралас мектепті білемін, директоры бүкіл іс-шараны қазақ тілінде жүргізеді. Ана мектептің орыс сыныбының оқушылары да қазақ тіліндегі іс-шараға белсенді қатысады. Аралас мектепке дәл осындай директорлар тағайындалуы керек.

Өкінішке орай, біздің елде тіпті тек орыс тілінде сөйлейтін таза қазақ мектебінің директорлары да көптеу. Ал орыс мектептерін, аралас мектептерді басқаратын таза шовинист директорлар да жетерлік.

Енді не істемек керек?

Ең бірінші, әрине, билік қазақ тіліне ресми бет бұруы керек. Бірақ оны бәріміз білеміз. Басқа қандай шешімдер керек.

Біріншіден, мектеп директорларына қойылатын талаптарға “Аралас мектептің және мемлекеттік тілді мектептің директоры қазақ тілін білуі міндетті, бұндай мектепке директор болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырады” деген тармақ керек.

Екіншіден, аралас мектептегі іс-шараны мемлекеттік тілде өткізуге, ең болмағанда екі тілде өтуіне, оның ішінде қазақ тілінің үлесі ең кемінде 50%-дан жоғары болуын міндеттеу керек.

Үшіншіден, Тілдерді дамыту басқармасы еліміздегі бүкіл мектепті ресми тексеріп, мектеп іс-қағаздары, кабинеттердің безендірілуіндегі мемлекеттік тілдің үлес салмағын нақты тексеріп, заңды бұзып отырған мектептерді ресми жазалауы керек. Бүкіл мектептегі іс-шара барысында, іс-қағаздарында, кабинет безендіруде мемлекеттік тілдің орнына байланысты нақты бұйрықтар беру керек.

Төртіншіден, жоғарыдан мектептерге түсетін іс-қағаздардың да мемлекеттік тілде болуына ресми нақты бұйрықтар керек. Өкінішке мектеп директоры ретінде айтарым жоғарыдан келетін қаншама есептерді толтыру кезінде келген кестені аударып, қазақша нұсқасын өзіміз жасайтын кездер тым көп.

Нақты айтқанда, біз бұл мәселеде бірінші таза өзге тілді мектептерді аралас мектепке өзгертуден бастап, мектепте мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейткеннен басқа таңдау жоқ.

Бұл бағытта негізі істейтін шаруа тым көп. Қазірге осы жерден тоқтайын, тағы артық сөйлеп қоярмын.

Аятжан Ахметжанұлы.