Get Mystery Box with random crypto!

Аралас мектеп апат па? Иә, бірден айтайын, бұл мақалам біраз | AYATZHAN / Мінез!

Аралас мектеп апат па?

Иә, бірден айтайын, бұл мақалам біраз адамға ұнамауы мүмкін. Бірақ эмоцияны қайырып қойып, ақиқатын айтайық. Бүйту керек, сөйту керек деген құр айғайдан нәтиже шығатын болса, осыған дейін Ресейдің шовинист атқамінерлері айтқандай, нағыз тек қазақша сөйлейтін қазақ еліне айналып кетер едік. Өкінішке қарай, әлі орыс мектебіміз дәурендеп тұр.

Бір ғана қаладағы, жай солтүстіктегі қалалардың бірі емес ел астанасындағы 149 мектептің 99-ы мемлекеттік, олардың жайы мынадай:

- 35 мектеп (35%) қазақша,
- 56-сы (57 %) аралас,
- 8-і (8%) таза орыс тілінде оқытады.

Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%),
Орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%),
соның ішінде ұлты қазақ балаларының саны – 62 398 (63%).

2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25 349 бала қабылданды.
Қазақша оқитыны - 13 092 (52%),
Орысша оқитыны - 12 257 (48 %)

Міне сандар көрсеткендей екі түрлі ауыр трагедия бар.
Біріншіден, баласын орыс сыныбына беретін қазақтар әлі де тым көп.
Екіншіден, баласын орыс сыныбына беру үрдісі соңғы жылдары барған сайын ауырлап барады.

Шыны керек, баласын орыс сыныбына сүйреу науқаны 2017 жылдан бастап, кәдімгідей күш алып кетті. Біразыңыздың есіңізде шығар 2017 жылы баласын орыс мектебіне беретіндерге жаным ашиды деп дабыл қағып мақала жазып, біраз шовинист сотқа сүйреп еді. Ол кездегі жағдай шынымен басқа еді. Бүгін жағдай алға ілгерілеудің орнына керісінше ушығып кетті.

Неге? Себебін талдап көрейік, неге жұрт баласын орыс тілді мектептерге беру қарқын алды.

Бірінші, Сәрінжіпов-Сағадиевтің үш тілділік реформасының тіке нәтижесі. Үш тілде оқыту реформасы басталғаннан кейін жұрт қазақ тілінен үміті азайды. Онсыз да мектебінде екінші сортты мемлекеттік тілі үшінші сортқа ығысады, мектепте пәндерді өзге тілде оқыса, баламызды қазақ тілінде оқытып не істейміз дегендер көбейді.
Оның үстіне экс-министр Сағадиев орыс мектебіндегі қазақ тілін дамыту деген атпен Қазақстанда күйреуге айналған орыс мектептерін жаңа деңгейге көтеруге 2 миллиардтан астам қаржы салып, орыс мектебіндегі қазақ тілін емес, орыс мектебін дамытып кетті. 2016 жылдың соңында 22%-ға түскен орыс сыныбының үлесі бүгінде 28%-ға дейін көтерілді.
Сағадиевті министр етіп ұжымға таныстыруға әкелген кезде сол кездегі премьер министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның тіке тапсырмасы осы еді, - дейді білетіндер. Ол тапсырма орындалды.

Екіншіден, латын әліпбиіне көшеміз деген шешімінің кері әсері.
Латын әліпбиіне көшу бастамасы онсыз да қазақ тіліне қырын қарап жүргендерге, болашағына сенбейтіндерге жақсы сылтау болды.
Қазақстанда қазақ тілі латын әліпбиіне ауысады, орыс тілі ауыспайды. Балаларымыз онсыз да орыс тілді, қиналмасын. Ертең ол латынның болашағы қайдан болады, 30 жылда қазақша сөйлемеген елге, қатты керек болмаған елге болашақта дамиды деп сенбеді.
Латынға көшуді қазақ тілін құлдыратады, әліпби ауыстыру өте үлкен қорқыныш ұялатты. Баласын орысшаға беретін жұрт онсыз да тек орыс тілді ақпараттармен ғана сусындайтын жұрт бұл науқанда орыс пропагандасының жетегінде кетті.

Үшінші, мемлекеттік биліктегі мемлекеттік тіл орнының шынайы жағдайы.
Иә, дәл қазір орыс тілін білмесең, үлкен жетістікке жету қиын, билікке жолау мүмкін емес. Ал қазақ тілін білмесең, министр де, әкім де бола аласың кедергі жоқ.
Орыс тілінің статусын Конституциямен бекітіп, болашағын әр жолдауда айқындап тұрған мемлекетте ешкім қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл деп сезінбейді. Күнделікті орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілінде ғана іс-қағаз жүргізетін шенділер мен мекемелер көптігінде баласын жетектеп қазақ мектебіне жұрт апармайды.
Оның үстіне Қазақстаннан Ресей техникалық университеттерінің филиалын ашу, Болашақ халықаралық бағдарламасы тізіміне Ресей университеттерін қосу секілді мемлекеттік шешімдер баласын орыс мектебіне беретіндер санын кемі 20%-ға көтереді. Сондықтан жоғарыдағы цифрлар алдағы күндері еселеп артатынына күмәнім жоқ, өкінішке орай.

Жә, бағытым басқа жаққа кетіп барады. Сынамайын десем де, осылай боп кетеді, көріп тұрып үндемеуді ар көтермейді. Негізі аралас мектеп туралы жазып жатыр едім, соны жалғастырайын.