Get Mystery Box with random crypto!

Термин аудармасында, әсіресе құрал-құрылғы, сайман- тетік атау | Жергілікті аудармерия

Термин аудармасында, әсіресе құрал-құрылғы, сайман- тетік атауларына балама табу үшін жиі етістікті заттандыру қажеттілігі туады. Қазақ тілінде заттандыру жұрнақтары өте көп. Тек соны орнымен қолдану керек. Әйтпесе, "ағын, ағыс, ағым, ақпа, аққыш, ағыс" деген сөздердің айырмашылығы болмас еді.
Немесе " сұраныс", "сұраным", " "сұратым", .тб
Қарапайым мысал ретінде, "blind" /"заглушка"- ны алайық. (Upd.: Plug/Пробка/тығынмен шатастырмау ләзім)
Желідегі жабдықты оқшаулау үшін кіре берісі мен шыға берісіне орнатылып, құбырдағы ағынның жолын бөгеп тастайтын табақтай бәле.
Не дейміз оны?
1. Бітеме
2. Бітеуіш
3. Бітегіш
4. Басқа?

Бір қарағанда еш айырмасы жоқ сияқты. Содан ба, аудармашы ойында "құлағыма жаққанын таңдай берсем болады" деген жалған жайбарақаттық туу мүмкін.

"Бітемеге" келсек, -ме/ -ма, -пе/-па, -бе /- ба жұрнағымен жасалған есімдер әдетте етістікке ырықсыз, яғни пассив қатынастағы сөз тудырады.

Уіш, гіш, гі кі, қыш, ғыш дегендер етістіктен ырықты/ актив зат есім тудырады

Салыстыр:

Сүзбе - сүзілген зат

Сүзгіш/сүзгі - сүзетін зат

Орама - Оралған зат

Орағыш - ораушы элемент

Тартпа - тартылатын зат

Тартқыш - тартушы агент

Бұл заңдылықты "бүрме", "көрме", "салма", "жапсырма", "тапсырма", "көмбе", "қойма", "құйма", "қазба", "үйме", дегендердің мысалын бүргіш, көргіш, салғыш, көмгіш, жапсырғыш, тапсырғыш, құйғыш. үйгіш, тағы басқалармен салыстырып, байқауға болады айырмашылықты.

Бізге керегі — "заглушка" ұғымы ырықты бітеу құралы, яғни бітелетін емес, бітейтін зат, "бітеуіш".

Ал "бітеме" деп бітелетін нәрсені немесе бітеу барысының өнімін/нәтижесін/салдарын айтсақ болады.

Бұл — доктор диссертациясынан немесе жоғарыдан бір дөкейлер бекіткеннен туатын ереже емес, аталарымызға сан ғасыр қызмет етіп, барынша қолайлануға бекіген тілдің төл қасиеті.


#жұрнақ #морфология #жалғау #қазақша #техаударма