Get Mystery Box with random crypto!

'Ұлт ұстазы' фильмінен кейін, өз басымда Байтұрсынов ол салада | Жергілікті аудармерия

"Ұлт ұстазы" фильмінен кейін, өз басымда
Байтұрсынов ол салада көзі тірісінде-ақ аты аңыз болып, өзіне шартараптан білімді, талантты полиматтарды магнитше тартқан харизмат болғандай әсер қалды.
Өткенде ағылшыннан аударған өз мақалама жанкүйер бір оқырман "Байтұрсынов деңгейінде аударыпсыз" деп асыра мақтады. Бетіміз қалың ғой, күнде еститіндей мәз болып, қабыл алдық.
Бірақ, ондай мақтауды туғалы оқырман тұрмақ, әке-шешемнен естімеппін.

Алайда қайта жуасып, өз қалпыңа келу үшін тіпті өткен ғасыр ұстаздарының маңдай алды шығармаларын ЕМЕС, олардың кәдімгі бір-біріне жазған хаттарын, күнделік үзінділерін, мақалаларын оқысаң жетіп жатыр. Өлләһи, дереу момынсып, тілдің адал Ланселоты емес, қылышын боққа шапқан Дон Кихоты екеніңді түсінесің.

Телжан Шонанұлы 1926–1929 жылдары Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болып жұмыс істеген лингвист, педагог, аудармашы.
Бұл кісінің еңбектерін интернеттен кездейсоқ тауып алдым. Бірақ, бұл кісі Алашшыларды белсенді қолдап, А. Байтұрсыновпен бірге тіпті латынша әліпби жөніндегі комитеттің құрамында болған екен.

Сол Телжан атамыз 1929 жылы жазған мақаласынан бір қызық үзінді:

"Бұрын әркім өз білімінше кез-келген жерге «ы-і» әріптерін жаза беретін. Баспаханадағы «ы-і» жетпей шатақтар туатын ( - Ж.А.). Аудара қарап, ақтара тексерген соң кеңес: екі буын ішінде де үнді мен үнсіз дыбыстар арасына дауысты дыбыс салмай сыбай тұратынын ашты ("бірге тұратынын анықтады" - Ж.А.). Мысал: «қарт, ұлт, төрт» сияқты. Сондықтан анық естілмеген жерде бір буында сыбайлас (қатар келген- Ж.А.) үнді мен үнсіз арасына «ы-і» салып жазудың керегі болмай қалды. Бұл «ы-і» аз да болса кемуіне себеп. "

Осыдан жүз жыл бұрын өзіміздей ғана аудармашы, лингвистің еңбекқорлығы, талмас қажырлығы, сауат дегеннен жұрдай халыққа деген үміті мен оптимизмі өзін ақтады ма?
99%пайыз әріп танитынымызды, қатесі үшін қаймана қазақты кекеп-мұқаған, жазу-сызуы жоқ елдерді мүсіркеген тоқмейіл кескінімізге қарасам, өз заманының аманатын толық атқарған сияқты.
Дамыған әлемнен елу жыл емес, бірнеше ғасырға қалып қойған қазақты үздіксіз алға сүйрелеу жүгін осы адамдар қалай ғана паңданбай, кердеңдемей, арқалады екен?
Әрине, Сталин салған үлкен сойқанда атылып кетті. Еш риясыз жасаған еңбегін оқысаңыз, "не жазығы болды?" деумен жылап қаласыз.
Сол кезде еті тірі ақыл-парасат иесіне "атылмай қалу" масқара болса керек-ті.
Не жазсақ та, қанша жазсақ та, қалай жазсақ та олардың
тырнағына да татымаспыз.
Бірақ сыйластыққа рақмет!

#емле #ағарту #аударма #қазақ_тілі