Get Mystery Box with random crypto!

Термин сөздерді аударудағы көмекші құралдар жайында Терминде | Жергілікті аудармерия

Термин сөздерді аударудағы көмекші құралдар жайында

Терминдер саласы Республика деңгейінде реттелген жоқ әлі. Біріншіден, бұл үздіксіз процесс, жылдан жылға терминдер ескіріп, жаңарып жатқан салалар көп.
Екіншіден, терминкомға ренжи де алмаймыз.
Мен болсам бүйтер ем, үйтер ем дегендердің көбі мәселе масштабынан бейхабар.
Әрине, дербес мекемелер мен өнеркәсіп салаларының деңгейінде терминдер күнделікті қолданыста қажет болғандықтан, өз терминологиясы тәп-тәуір қалыптасып жатқан салалар бар. Мысалы, медицина саласы, банк пен қаржы терминологиясы, жол-көлік пен тасымал саласы т.б. қысқасы, неғұрлым көпшілікке қызмет ететін салаларды айтуға болады.

Құрылыс саласымен жіті таныс емеспін, бірақ қазақша сөйлейтін мамандары басым салалардың біразында ішін-ара жолға қойылып келеді.
Сондықтан, терминді жалпақ жұрттың талқысына салып емес, асылында сол саладағы қазақ тілін жақсы білетін маманнан, ал одан да жақсысы сол саладағы аудармашыдан сұрап білген абзал.
Терминком.кз - сайты үлкен свалка.
Ол жерде тәуір нұсқа да бар, көзжұмбайлап ақпарсыз ұра салған баламалар да жеткілікті.
Сондықтан бір терминкомға қарап қалмай, сол сала бойынша түпнұсқа тілдегі энциклопедия,, (википедия да жарайды), бірнеше қазақша түсіндірме (sozdikqor.kz - әзірге ең үлкен онлайн ресурс), синонимдер сөздігі (гуглда тегін нұсқасын табасыз) және бірнеше қостілді салалық сөздіктерді көмекші құрал ретінде пайдаланған жөн.
Бастысы, "қазақ тілінің иесімін ғой (Абай жолын оқығам тіпті!), менен артық ешкім білмейд" деген алдамшы түйсіктен ада болып, мұқият ізденуге, тақырып бойынша өзеуремей үздіксіз сауат ашуға ерінбеу керек.
Әрине, қазақи ортада өсу немесе қазақ тілін тіл иесі деңгейінде білу аудармашыға бұлжымас талап, әйтсе де, бұл жайттың жалғыз өзі сапалы аударма жасауға жеткіліксіз. Тек, түсініксіз сөзге тап болғанда ғана емес, жалпы да үнемі ізденуге іштей дайын болған аудармашы кәсіпті игерудің дұрыс жолында деуге болады. Қанша жерден білімдар болсаңыз да, нетворкинг, яғни басқа өзіңіз мойындайтын, немесе сізге шала таныс сала аудармашыларымен тығыз байланыста болудың пайдасын ескеріңіз. Кез келген заманауи тіл — өз алдына үлкен мұқит іспеттес. Ол мұқитта "жалғыз мен ғана жол білем" деген пайыммен алысқа ұзамайсыз. Тілдің орташа шартты жасы 500 жыл*, әрі ол тілді миллиондаған халық пайдаланып, ондағы жаргонизмдерден бастап, термин сөздерге дейін өзінің азды-көпті үлесін қосып жатқанын, ал оның қасында сіздің, яғни бір түйір жеке адамның орташа жасы (сәйкесінше, сол тілде сөйлеу, оқу, жазу тәжірибесі, әрі кетсе, 70-80 жыл ғана екенін ұмытпаңыз.

--------
* яғни шамамен 500 жыл бұрынғы қазақ тілін түсіне аласыз, әрі қарай қиындайды, басқа тілге ұқсап кетеді)
#қазақша_терминология #аударма #сөздіктер