Get Mystery Box with random crypto!

Автобус не жүк көлігі тегіс жолда неғұрлым көп нәрсені жылдам | Жергілікті аудармерия

Автобус не жүк көлігі тегіс жолда неғұрлым көп нәрсені жылдам жеткізуге жақсы. Ал қиын-қатпар, ойдым-сойдым, батпақ жолда жылдамдығы төмендеу, сыйымдылығы аздау, бірақ жол талғамай алып шығатын көлік орынды.
Сол сияқты аудармашының бір түрі аударманың негізгі тәнімен айналысса, екінші түрі "тар жол, тайғақ кешулерде" іске қосылса игі еді.

Аудармашының бәрі не автобус, не вездеход емес әрине. "Трассада" да, "балшықта" да өнімділік танытпағанымен, "қала ішінде" жүріп тұруға жарайтын,
яғни бір кішкентай мекеменің қажетін өтейтін, үнемді "кроссоверлер" де бар.
Екі қасиетті бір адам бойында шексіз дамыту қиын, себебі шынықтыру принциптері бөлек. Көп ұзамай екі жол екі жаққа айырылып, алшақтай бастайды. Таңдауға тап боламыз.
Өнімділік, әрине, бізге барлық салада қажет боп тұр.
Алайда тіл эстеттері мен рухы нәзік "гурмандардың" пікірін есепке алмай, объективті қарауға тырысқан күнде де, қазақша аударма "алдымен сан, сосын сапа" деуге болмайтын сирек саланың бірі секілді. Қазақша, бірақ түсініксіз мәтіннің күрт көбеюі қазақшаны әрі қарай жетілдіру мақсатынан түңілдіруі мүмкін. Керісінше, аудармасы сәтті шыққан бір ғана кітап сымсыз телефон арқылы жалпақ жұртқа тарап, қазақша аударма мәтінге сенім отын қайта тұтатуы мүмкін деп ойлаймын.