Get Mystery Box with random crypto!

Жырмен ғана жеткіземін лебізді, Өмір мені әлі талай сынайды. Ө | Махаббат өлкесі...

Жырмен ғана жеткіземін лебізді,
Өмір мені әлі талай сынайды.
Өлеңіме арқау қылып негізгі,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Қараша кеп, қаңырады солғын бақ,
Қайыңдар да - адамдарша жылайды.
Армандардың арасынан қол былғап,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Кім түсінер күзге айналған күйімді,
Бір ой келіп қозғайды ғой мың ойды.
Тағдырымнан тартып алып сыйымды,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Махаббатты жүрмесем де ұран ғып,
Жүрек дәйім сені ғана сұрайды.
Соңғы үмітті тағып алып - тұмар ғып,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Жұлдыздар да жазғанымды жаттапты,
Өздерінше олар да өлең құрайды.
Қиялыма ерік беріп тәп-тәтті,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Күдігіңді жауған қарға жеңдіріп,
Көңілдегі сейілтіп көк тұманды.
Бір бақыттың күтеріне сендіріп,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Ғашықтардың шырқалады әні бір,
Күтуменен өткізермін жыл-айды.
"Сүймеймін", - деп айтсаң-дағы бәрібір,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.

Авторы: Мұқағали Сейітқазы