Get Mystery Box with random crypto!

Сен жоқсың Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп, Түн жарымы болған | Махаббат өлкесі...

Сен жоқсың

Қабат үйлер шырақтарын сөндіріп,
Түн жарымы болғанына сендіріп.
Қалғып-мүлгіп қала ұйқыға кетсе де,
Есігімнен келетіндей сен кіріп,
Тосудамын терезеге телміріп, -
Сен жоқсың!

Жанарымды жарты Айға тастадым,
Жарым көңіл жабырқаулы басқа мұң...
Құс жолында жүргендейсің серуендеп,
Менің емес, әнін айтып басқаның.
Қасіреттен айығар ем қас қағым
Сен жоқсың!

Гүл шоқтары құшағымнан артылып,
Жатар ма едім жалыныңа шарпылып.
Күн жауардың алдындағы теңіздей,
Теңіздегі шағаладай шарқ ұрып,
Сені іздедім, сабырымнан сарқылып,
Сен жоқсың!

Кірпігіммен жанарымды жасырып,
Елесіңе есім кете бас ұрып.
Құшағында бара жаттым тәтті ойдың,
Бір мұңымды бір мұңымнан асырып,
Қалғып кеттім, келер күнге асығып, -
Сен келдің!
Түсімде!

Авторы: Жазира Ахметова