Get Mystery Box with random crypto!

Телефоннан өшіргенмін атыңды, Күтпеу үшін келмейтұғын хатыңды. | Махаббат өлкесі...

Телефоннан өшіргенмін атыңды,
Күтпеу үшін келмейтұғын хатыңды.
Келді ұмытқым өліп қалған өзімді
Келді ұмытқым іштегі ұлы ақынды.

Сөйлемеуге серт байласқан тау сынды
Үндемеуден түгесілдім... Таусылдым...
Өшірдім мен мың жыл сүйген даусыңды
Өз өмірім өзіме енді жау сынды.

Қайтем саған арқалатып ар мұңын?
Сәлеміңе татымады бар құным...
Өшіргенмін қалдырмастан қалдығын,
Өшіргенмін өшірместің барлығын.

Көздеріме әлдененің тұнғанын
Ішімдегі әлдененің сынғанын.
Өшіргенмін көрсетпестен ешкімге
Өшті солай сүйген ай мен жылдарым.

Күн екен ғой! Күн екен ғой таң көркі.
Ақынмын ғой, қайта сүю қалды еркі.
Өшті бәрі...
Мен де өшемін уақытпен
Өшпей қалған жалғыз нәрсе - жан дерті...

Авторы: Танакөз Толқынқызы