Get Mystery Box with random crypto!

Жапырақтай күн сүйген жайқалғаныммен, Табысқандай болғанмен қа | Махаббат өлкесі...

Жапырақтай күн сүйген жайқалғаныммен,
Табысқандай болғанмен қайта арманыммен.
Сен сағынып келгенде алыс жолдан,
Айтайын дегенімді айта алмадым мен.

Бәрін жақын алмашы, жаным жүрегіңе,
От деміңнен кеудемде жалын жыр өріле.
Толқығаннан төгіліп жылағанымда
Жұбата алмай соншама әбіржігенің не?

Есіңе салсын... санаңды қозғасын да өлең.
Есіңе салса, осынау тозбасын да өлең.
Тұла бойы тұншыққан тұнық сырымды
Мен сонда айтқан шығармын көз жасымменен.

Самал сазың тербетіп жан-орманымды,
Сыйғыза алмай жүрек пен жанарға мұңды -
Көз жасыма қосып ем құштарлығым мен
Қанаттары қайырылған бар арманымды.

О, мен қалай сүйемін нұрлы, ізгі әніңді.
Мендей сенің сыздатпас бір қыз жаныңды —
Жинайсың сен ып-ыстық ерініңменен
Жанарымнан шашылған жұлдыздарымды.

Авторы: Күләш Ахметова