Get Mystery Box with random crypto!

Мендей кім бар ақ жаныңды ұға алған, Сендік жүрек тәтті сырдан | Махаббат өлкесі...

Мендей кім бар ақ жаныңды ұға алған,
Сендік жүрек тәтті сырдан нәр алған.
Неге бізге арнамызды қоспасқа,
Екеумізде егіз мақсат, бір арман.

Пәк көңілмен жағып үміт алауын,
Келін болу - сенің асыл қалауың.
Бойдақтықтың бұзып тастап бөгетін,
Тіксем деймін мен де неке жалауын.

Оқу дейсің, басқа дейсің, қайтесің,
Құрғыр тірлік, күйсін, мейлі, өртесін.
Саф сезімді төсек қылып жастанып,
Жамылалық махаббаттың көрпесін.

Уайым құрсап, маза таппай тұрарсың,
Жалғыздықтың азабына шыдар кім.
Отау құрған ғашықтарды көргенде,
Мен сияқты қызығатын шығарсың.

Тәңір ешбір жанға қинау салмаған
Адам өзі тағдыр жолын таңдаған.
Шын бақытты жанұяны құрамыз,
Келші қалқам, сеніммен қол соз маған...

Авторы: Нұрсұлтан Нұртілеу