Get Mystery Box with random crypto!

Тау халқының қайсар ұлы Қажымұрат туралы повесть жазу идеясы Т | Marfuga Shapian

Тау халқының қайсар ұлы Қажымұрат туралы повесть жазу идеясы Толстойға ойда-жоқта келеді. Айналаны аралап жүріп, ошағанға көзі түседі. Арада бір ай өткенде сол ошағанның әлі тырмысып өсіп тұрғанын байқайды да, ерекше сүйсініп кетеді. Бұл өсімдік оның есіне кезінде атына қанық болған Қажымұратты түсірген еді.

Толстойдың өзі де 23 жасында Кавказда соғыста болған. Сол кезде Қажымұраттың есімін аз естімеген. Осының бәрі әсер етіп, жазушы повестке кірісіп кетеді. Алайда ұзақ зерттейді. Ғалымдар Толстой бұл кітапты жазу үшін 5000 бетке жуық құжаттар мен мұрағат материалдарын оқыды дейді.

Толстой «Қажымұратты» 20 шақты рет қайта өңдеген, Николай патшаға қатысты тұсын кейінірек қосқан. Бірақ сонда да көңілі толмай, «көзімнің тірі кезінде бұл повесть жарық көрмейді» деп жауып тастапты.

Повесть алғаш 1912 жылы жазушы өмірден озған соң 2 жылдан кейін жарық көреді. Онда да орыстарға, патшаға қарсы айтылған тұстары цензураға ұшырап, қысқарып шығады. Толық нұсқасы 1917 жылы жарияланады. Көзі тірісінде өз көңілі толмаған «Қажымұратты» кейінгі әдебиетшілер жоғары бағалады. Бұл туындысында жазушы суреткерліктің шыңына жетті деді.

Л.Толстой «Қажымұратта» Ресей мен Кавказдағы тау халықтарының күрделі саяси қарым-қатынасын суреттейді. Ресей империясының отарлау саясатының құрбаны болған тау халқының Шәміл мен Қажымұрат атты қайсар ұлдарының ерлігін баяндайды. Екі батырды бір-біріне қарсы қою арқылы өлім құштырған орыстың сайқал саясатын сипаттайды. Маған Шәміл мен Қажымұрат өзіміздің Кенесары мен Ағыбайдай елестеді. Олардың әр сәтсіздігіне жүрегім езілді.

Неге екенін маған жазушының өзі орыс болса да, Қажымұратқа бүйрегі бұрып тұрғандай көрінді. Повесте оның ерлігін, батырлығын айтып, орыс генералдары мен офицерлері таңғалып жатады. Намазын қаза етпейтін, әйелдерге қарауды ұят көретін намысшыл Қажымұрат. Ал орыс әскерінің Кавказ ауылдарына істеген жауыздығын айуандыққа балайды, Николай патшаны дұғасын оқи сала жалаңаш әйелдерді көруге баратын арсыз кейіпте суреттейді.

Мәселен, «Қажымұратта» бас кейіпкер Кавказдағы соғысқа басшылық еткен майордың үйінде бір апта тұрады. Оны бақылап жүрген орыс офицерлері Қажымұратты «өте сұм адам екен» дейді. Сонда Петровтың әйелі «Аллам осындай сұм деген адамдарыңды орыстардан көп жаратса етті. Ол -ізетті, ақылды, әділ адам» дейтін жері бар. Міне, адамның адамға, адалдыққа деген құрметін жазушы осылай көрсетеді. Толстой маған орыс ұлтының өзге ұлттарға істеп жатқан қысастығынан жиіркенгендей көрінді.

«Қажымұрат» - Толстойдың соңғы жазған ірі туындыларының бірі. Сондықтан бұл повестен жазушының шынайы көзқарасы, ұстанымын байқауға болады деп ойлаймын.

Ал сіз «Қажымұратты» оқыдыңыз ба? Қандай әсер қалдырып еді?