Get Mystery Box with random crypto!

«МЕН БІР ЖОЛЫ БОЛМАҒАН АДАММЫН» Бұл сөзді 1982-1988 жылдар а | Marfuga Shapian

«МЕН БІР ЖОЛЫ БОЛМАҒАН АДАММЫН»

Бұл сөзді 1982-1988 жылдар аралығында Американың ең бай адамы атанған, Walmart дүкендер желісін құрған Сэм Уолтон өмірден өтерінің алдында айтыпты. Ол балалары мен немерелерін дұрыс танымайтынына, жақындарына дұрыс көңіл бөле алмағанына, олармен жылы қарым-қатынас құра алмағанына өкінген деседі.

Соңғы кездері мені де осы мәселе қатты ойландырып жүр. Біз уақытымызды, энергиямызды көбірек жұмыс істеуге, көбірек ақша табуға, көбірек өз-өзімізді жетілдіруге, көбірек білім алуға, жеке дамуға жұмсайды екенбіз. Бірақ жақын адамдарымызға келгенде уақытымыз бен энергиямызды аяймыз. Ақиқатында біз үшін маңыздысы жақындарымыз емес пе?

Ислам діні де ата-анаңа жақсылық жасауға, олардың қажетін өтеуге, отбасыңа дұрыс қарауға, туған-туыстарыңмен жақын араласуға шақырады. Қазақтың салт-дәстүрі де ата-енемен бірге тұруға, үйіңнен қонақ үзілмей, туған-туыс келіп, арқа-жарқа болып жатуға үндейді.

Бірақ қазір психологияда сәнге айналған жеке шекара, өз уақытым, өз пікірім, өз қалауым, өзіңмен бақытты бол деген дүниелер бізді жалғыздыққа итермелеп жатқандай көрінеді. Ал жалғыз адамды жеңу оңай, сындыра салу түк емес. Жалғыз адам депрессияға бейім келеді. Түбінде жалғыз қалғым келмейді, жалғыз бақытты болғым келмейді...

Мүмкін мені жерден алып жерге саларсыздар, мүмкін мен ескіліктің адамы шығармын, алайда қазіргі психологияда менің көңіліме қонбайтын дүние өте көп. Ол қағидамен өмір сүргім келмейді. Маған Батыстың өркениетінен гөрі ата-бабамның жолы әлдеқайда жақын.

Мен үшін қоғамды мойындатуға талпыну, жарысу, жақсы өмірге толассыз ұмтыла беру, көп, одан да көбірек ақша табуға тырысу, өзіңді дамыту, бұрынғыдан да көбірек оқу, тағы бір оқуға түсіп алу немесе кешке дейін тәніммен, сұлулығыммен алысу... секілді дүниелер құндылық болғанын қаламаймын.

Басты құндылығым АДАМ болса деймін. Отбасым, күйеуім, балаларым, әке-шешелеріміз, ағайын-туғандарымыз, достарымыз, халқымыз, сосын барша адамзат... Сіз қазір «мен үшін онсыз да сол нәрселер құнды» деуіңіз мүмкін. Бірақ сіз уақытыңыз бен энергияңызды көбірек қайда арнап жатсыз? Сол нәрсе сіз үшін құндырақ екенін ұмытпаңыз.