Get Mystery Box with random crypto!

Қайырлы күн, достар! Менен қандай тақырыпта ақпараттар күтетін | Marfuga Shapian

Қайырлы күн, достар! Менен қандай тақырыпта ақпараттар күтетіндіктеріңізге байланысты қойған сұрағыма:

1. КІТАП
2. ИСЛАМ
3. ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР

Осы үш тақырып топ жарып тұр екен. Одан бөлек жеке даму, әйел табиғаты, бала тәрбиесі, кітап жазу, салауатты өмір салты деген секілді тақырыптарды қозғасаңыз дегендер жетерлік. Әрине, өзімнің де негізгі тақырыбым осылар болғаннан кейін барынша пайдалы ақпарат беруге тырысамын.

Кітапқа келсек... Кітаптың адамға пайдасы ұшан-теңіз екенін білсек те, араларыңызда әлі бастай алмай жүргендер, неден бастасам дейтіндер баршылық.

Сіздерге айтар кеңесім, белгілі бір кітапты таңдағаннан кейін «Бүгін осынша бет оқимын» деп парақтарын әр күнге бөліп тастаңыздар. Сосын күнде сол белгілеген мөлшерді оқып отыруға тырысыңыздар. Бүгін оқи алмай қалсаңыз, ертең қосып оқыңыз. Бірақ қалай да сол күнгі норманы орындауға барыңызды салыңыз. Сонда ғана оқуыңыз нәтижелі болмақ.

Ал кітапты әр адам өз қажеттілігіне сай таңдауы қажет. Мысалы, аяғыңыз ауыр болса немесе тұрмыс құрып жатсаңыз «Ана болуға дайындық» кітабын, бала тәрбиесі толғандырса «Тұлға тәрбиелегіңіз келсе» кітабын, иманыңызды қуаттағыңыз келсе, «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабын, жеке дамуды мақсат тұтсаңыз «Кемел адам» кітабын дегендей бұл тізім кете береді.

Барлығымыз бірдей кітап оқуға міндет емеспіз. Мен оқыған кітап сізге қажет болмауы мүмкін. Сондықтан сұранысыңызға сай өз кітабыңызды таңдаңыз да, оқыңыз. Кітап секілді мықты ұстазды осы уақытқа дейін кездестірген емеспін. Кітап оқыған адам ешқашан ұтылмайды.

Ал менің мақсатым – сіздердің естеріңізге кітап оқуды салып тұру, кітап оқуға ынталандыру, кітап оқуды сүюге шақыру, кітап сыйлау әдебін қалыптастыру, қажетіңізге сай кітап таңдауға көмектесу.

2022 жылдың аяқталуына бар болғаны 20 апта ғана қалыпты. Оның бір аптасы басталып та кетті. Осы жылым нәтижелі болсын деп, өзіме #аптасына1кітап челленжін жариялап, дәл бүгіннен жыл соңына дейін 20 кітап оқуға бел буып отырмын. Сіздер де «Айына 1 кітап» десеңіздер де, өз мақсаттарыңызды қойып, менің қатарыма қосылыңыздаршы 

Осы аптада екі кітапты қатар оқымақпын. Біріншісі, осыдан 3-4 ай бұрын қызығып сатып алған Шон Байтеллдың «Дневник книготорговца» кітабы. Көркем әдебиетті жаным сүйеді.

Ал екіншісі, Мағжан Жұмабайұлының «Педагогикасы». Бала тәрбиесіне қатысты Алаш арысының не жазғаны қатты қызық боп тұр. Қайсысы оң жамбасыма келеді, соны оқи беремін. Бірақ апта соңына дейін бірінші кітапты бітіруім керек.

Мақсат – айқын! Ендеше, сіздерге де, өзіме де сәттілік тілеймін!