Get Mystery Box with random crypto!

Он шақты қыздан құралған «Алтын сандық» атты тобымыз бар. Мүдд | Marfuga Shapian

Он шақты қыздан құралған «Алтын сандық» атты тобымыз бар. Мүдде бір, құндылықтар бір. Айына бір кездесіп, түрлі ойларды талқылаймыз. Өзімізді толғандырып жүрген мәселелерді бөлісеміз. Әрі бір жерде «гәп», енді бір жерде «черная касса» деп аталатын ойынды ойнап, ақшалы боп қаламыз

Кеше ұйымдастыру менің кезегім-тұғын. Қыздарыма соңғы кезде қатты ойлантып жүрген бірер мәселені ортаға салдым. Соны сіздермен де бөлісе кетейін:

1. ҚАЗАҚ ТІЛІ МӘСЕЛЕСІ. Білемін, жан-жақтан көптеп айтылып жатыр. Бірақ мен одан да көп айтылуы тиіс деп есептеймін. Барлық адам әдеби қазақ тілінде сөйлеуі міндет емес. Бірақ біздің қарым-қатынас тіліміз – қазақ тілі болуы қажет. Яғни өзара сөйлескенде, дүкенде, кафеде, әуежайда, ЦОН-да, барлық жерде қазақша сөйлейікші. Тілімізді бұрап-бұрап болған шығармыз? Өзгеге еліктеп біткен шығармыз?! Басқыншы ұлттың тілін қашанғы дәріптей береміз?

2. ТЕК ОТАНДЫҚ ӨНІМ ҚОЛДАНУ. Шыны керек, бұрын Магнумда жүргенде Төрем күріш алсақ та, кеспе алсақ та, артын оқып, себеттегі затымды отандық өнімге ауыстырып қоя берсе, «анау дәмді, мынау дәмді емес» деп, ренжитін ем. Қазір ботқа болса да, Қазақстаннан шыққан күрішті ғана жеймін деп бекініп отырмын. Супермаркеттеріміз толған Ресей, Белорусь тауары. Алмайықшы. Іздесек, табамыз ғой. Тек өз отандық өнімімізді жейік. Кезінде Махатма Гандидің Үндістаннан ағылшындарды қандай тәсілмен «қуып» шыққаны естеріңізде ме? Ағылшынның бір өнімін қолданбай, ең аяғы тұзды да теңізден өздері алып, жіп иіріп, сол киімді киіп, ақыры ағылшын кәсіпкерлерінің бизнесі жүрмей, Үндістаннан өздері қашып кеткен еді ғой. Кейін есесіне Үндістан тәуелсіздік алды. Біз де сөйтейік. Өзіміз алмасақ, олар да заттарын әкелмейді. Өз ақшамыз өзімізде қалсын.

3. ТЕК ҚАЗАҚ АШҚАН КАФЕГЕ, ҚАЗАҚ АШҚАН ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫНА БАРУ. Көрші елде соғыс басталғаннан кейін Ресей бизнесмендерінің Қазақстанға көптеп көшіп келіп жатқанын естіп отырмыз. Біздің орыстілді екенімізді, кез келген нәрсеге жалп ете түсетінімізді біліп отыр ғой, қулар. Оларды емес, қазақтың кәсібін жүргізейік. Қазақ байысын. Барып жүрген кафе-мейрамханаларымызды зерттейік. Құрбыларым «Старбакстан кофе ішпей жүрмін, қанша сервис ақсаса да, қазақ ашқан кофеханаға барамын» дегендеріне қуанып жүрмін. Міне, ұлттық намыс. Кішкентай қадамдардан бастайықшы, бұйыртса өзгеріс болады.

4. ҚАЗАҚША КІТАП ОҚУ. Кітап саласында жүргеннен кейін бұл тақырыпты да айналып өткім келмей тұр. Меломанның жағдайын білесіздер. Самсаған орысша кітаптар. Қазақша кітаптар бір бұрышта ғана, жетімсіреп тұр. Қазір әлемдік бестселлерлер Steppe & World, Mazmundama, Foliant баспаларынан қазақшаға аударылып жатыр ғой. Орысшаға аударылғанын оқығанша, қазақшасын оқыңыздаршы. Мүмкін, кейде аударма сапасы сәтсіз болар. Бірақ сіздер қолдарыңыздар, бұйыртса ақырын сапаға да өтеміз ғой.

Сонымен не керек, қыздарға осы ойларымды ортаға салып айтып ем, бәрі қолдады. Өзімізге 1 айлық челлендж жарияладық. Тек қазақша сөйлейміз, тек отандық өнім қолданамыз деп. Сосын осыны насихаттаймыз. Сіздер де бізге қосылыңыздар .

Өзіңіз қолданатын қазақтың қандай жақсы өнімін, кафе-мейрамханасын білесіздер, бөлісіңіздер. Өзімізге қажет Қазақстанды бірге жасайық)