Get Mystery Box with random crypto!

Кейбіреулер адам емес - Көне мес! Бар мақсаты - ішіп-жеу һәм | Мұқағали Мақатаев

Кейбіреулер адам емес -
Көне мес!
Бар мақсаты - ішіп-жеу һәм төбелес!
Көне меске тумауға да болады,
Кемеңгерге жүз жасың да көп емес!

Көп жыл жасап неге керек азғынға!
Кен қаздың ба?
Әлде өлең жаздың ба?
Бір жылың да татыр кейде көп жылға,
Жасың егер толы болса мазмұнға!

Елің үшін жер бауырла!
Еңбекте!
Қамалдай бол салған елің жел бетке!
Бір жыл жаса!
Он жыл жаса!
Жүз жаса! –
Барлық жылың толы болсын Еңбекке!

Елің үшін өртеніп өл!
Күйіп өл!
Оңай емес,
Оңай емес, -
Қиын ол!
Бұлшық еті бол халқыңның,
Ұлтыңның,
Қолдан келсе,
Ел-жұртыңның миы бол!

Жаңылмасын рульдерде тұрған қол!
Қабырғаны қақыратып ұрған қол.
Тиын үшін
Жер басып құр жүргенше,
Қарапайым халқың үшін құрбан бол!

Бұл өмірге келген жоқпыз қонаға!
Қалта толса,
Соған көңіл тола ма?!
Қасіретті ұл болғанша,
Бауырым,
Айнала біл қасиетті молаға!

ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ