Get Mystery Box with random crypto!

Қызметіңді монетизациялау. ⠀ Бірер жыл бұрын интернет арқылы т | О, Идея 🙇

Қызметіңді монетизациялау.

Бірер жыл бұрын интернет арқылы табыс табушыларды алаяқтар ретінде көретін едік. Тәж киген вирус келді де ойымызды 90 градусқа тоңқалаң асырды. Аштан өлгің келмесе, онлайнға бар деген үндеуді ту ғып ұстап, жапа-тармағай интернетке жол шектік. Паника көтеріп, жатып алғандар қаншама. Креатив ойлай алатындар бірден әлеуметтік желіні ерттеп міне бастады. Қашықтан оқу мүмкін еместей көрінгенмен, оны да бағындырдық. Қысқасы, барлық кәсіпті интернет арқылы табысқа шығаруға болады.

Жақын арада желіні ақтарып отырсам, сварщиктің парақшасына түстім. Сварка жасау. Инстаграмда. Ақылға сыймайтын дүние ғой. Өзінің парақшасын әдемі етіп жүргізіп, жұмыстары арқылы тапсырыс жинауда.

Мейлі, сіз мұғалімсіз бе, дәрігер, менеджер, банк қызметкерісіз бе? Бәрібір. Өз ісіңізді жақсы білсеңіз болғаны.

Мысал келтіре кетейін. Инстаграмда, телеграмда канал жүргізіп, курс өткізіп, ақша тауып отырған мұғалімдер бар. Физика пәні мұғалімі онлайн курс өткізеді. Қазақ тілі мұғалімі «Сауатты қазақ тілі» курсын ұйымдастыруда.

Сол секілді гастроэнтерелог ханым парақшасында аурудың алдын алу туралы мәліметтер береді, сонымен қоса ақылы марафондар ұйымдастырады.

Менің ондай табысым жоқ дейтін шығарсыз. Сәл ойланыңыз. Қолыңыздан не келеді? Тігесіз бе? Тоқисыз ба? Тамақ пісіресіз бе? Үй жинауды жақсы көретін шығарсыз? Балтамен, балғамен жұмыс жасау ұнай ма? Маңызды емес. Жүрегіңізді қуанышқа бөлесе болды. Қызметіңізді ақшаға айналдыра аласыз.

Бізден кеңес болсын.
Қолыңызға қалам алып, не істей аламын? деген сұраққа жауап жазыңыз. 20-30-ға жеткізіңіз. Бірнеше рет оқып, қысқартыңыз. Ең ұнамды 3 істі қалдырыңыз. Енді осы үш қызметпен айналысатын адамдар туралы мәлімет жинаңыз. Олар қалай ақша тауып отыр?
Ал, таптық. Ары қарай ше?

Көбіміз осы жерден тоқтаймыз. Неге? Жолайрық. Қайда барарға білмейміз.

Ізденген адам табады. Алдымен, курс оқыңыз. Білім керек. Ақшам жоқ демексіз ғой. Ютубты, гуглды ашыңыз. Жазыңыз. Курстар толып тұр. Үйрене беріңіз. Мен де ақысыз білім алдым. Телеграмда орыстардың каналдары бар. Су тегін. Жыбырлаңыз. Интернет ақылды. Не іздесең, сол алдыңнан шыға береді. Инстаграмда да, ютубта да, гуглда да солай.

Дәл қазір барлық жерге «тегін курс» деп жазып, іздеп көріңіз. Ертең барлық тегін курстарға тап боласыз. Тексеріп, нәтижесін көріңіз.

Әрекетке берекет.

Қызметіңізбен чатта бөлісіңіз. Сізді іздеп жүргендер болуы мүмкін.