Get Mystery Box with random crypto!

Тәңірдің еркесі емеспін, өйткені менде жай ғана келбет, кедей | Кітап үзіндісі

Тәңірдің еркесі емеспін, өйткені менде жай ғана келбет, кедей отбасым бар. Қыстың сол түнін мәңгі ұмыта алмаймын, әкем қарындасының үйіне барып, үйге аттап кірісімен маған қуана: «Апайың саған бір себет апельсин беріп жіберді, жеміс жейтін болдың», – деді. Барып себетті ашсам, жол бойы шайқалып, апельсин бұзылып кетіпті. Әкем сілейіп тұрып қалды. Мен сыртқа шығып кетуге ыңғайландым. «Абыржыма, сөзсіз бұзылмағандары болуы керек, әкең саған тауып береді». Әкемнің белі бүкірейіп, мүйізгек басып кеткен қос қолымен себеттегі апельсиндерді қотарыстыра бастады. Үстіндегі пальтосы ай жарығымен онан бетер сүреңсіз көрінді.
Мен шетте әкемнің себетті аударып-төңкергеніне қарап тұрдым.
Әкем қанша іздесе де бір тәуір апельсин таппады. Күрсініп, тастай суық жерге отыра кетті. Жарлы әкенің мәз-мейрам болып, баласына бір себет жеміс әкелгенде, жемістің түкке жарамай бұзылып кеткенін көргендегі торыққан көңіл-күйін қиялыңа келтіріп көрші? Әкенің көңілі алып-ұшып, баласына ең болмағанда бір тал тәуір апельсин тауып беремін деген ниетін қиялыңа келтірші...
Бұзылып кеткен апельсиннің мүңкіген иісінің ішінде жылап жібердім. «Балам, жылама, ертең саған бұзылмағанын сатып алып беремін», –деді әкем мені жұбатып. «Әке, апельсин жегім келмейді!», – дедім. Әрине, бұл шын сөзім емес, әкемде ақша жоғын білетінмін.
Ертесі әкем кіп-кішкене екі тал апельсин әкеліп:
«Балам, жей ғой!», – деді маған ұсынып жатып. Мен апельсинді ақырын аршып, жартысын әкеме беріп: « Әке, сіз де жеңіз», – дедім. Әкем менің мінезімді білетін, жарты апельсинді аузына салды. Сол сәтте әкемнің көзінен мөлдіреген жас тамшыларын көрдім.
Осыдан кейін әлгі бір себет апельсин есімнен шықпайды. Әр жолы есіме түскен сайын сүреңсіз Ай сәулесі мен апельсиннің қышқыл иісі көз жасыммен бірге араласып, тамып тұрғандай сезіледі. Осы оқиғадан соң мен титтей де бойкүйездікке салынуға батылдық ете алмадым. Өйткені, өзімнің Тәңірдің еркесі емес екенімді, сүреңсіз өмір сапарымда айқара ашылған қақпаның жоқ екенін білдім...

Ырысбек Дәбей "Әкелеріміз айтатын әңгіме"

@kitapuzindisi