Get Mystery Box with random crypto!

– 'Құл', 'күң' деген сөз қазақта кемсініп айтылатын сөз екені | Кітап үзіндісі

– "Құл", "күң" деген сөз қазақта кемсініп айтылатын сөз екені рас қой, апа?

– Солай айтылуға тиісті!

– Неге?

– Олар, не жаугершілікте тұтқын болып келеді де, не біреуден біреу сатып алады.

– Сатып алмай құл да, күң де болмайтыны рас қой, апа? – деді Шоқан әдейі шегелеп.

– Оның несін қайталап сұрай бересің?

– Сұрайтыным: біз – "қазақ" атаулы күңнен туғандармыз!

– Астапыралда!.. Неге?..

– Қазақта қалың малға сатылмайтын қыз жоқ. Солардың бірі – өзіңсің!

– Мен де күңмін бе сонда?

– Әрине! – деді Шоқан түрегеп, ерсілі-қарсылы жүре бастап.

– Балам-ау,– деді Зейнеп, Шоқанның бұлай деуін күлкі көріп,– мендей күң бола ма?!

– Тұрмыс жағынан сенің күң емесің рас, апа! Өйткені, сен хан тұқымы – аға сұлтан Шыңғыстың әйелісің, атақты Шорман бидің қызысың...

– Ендеше, не айтып отырсың? Әкең маған да қалың мал төлеген!..

– Айтатыным: қазақ әйелдерінің бәрінің маңдайы, сен сияқты теңін тауып жарқырай бермейді. Қалың малдың күшімен, көп қатынның бірі болып кете баратын, кәрі шалға, кемтарларға сатылатындар аз ба?

– Құдайдың бұйрығы ол! – деді, бұл сөзден тосылған Зейнеп.

– Құдайдың емес, қалың малдың бұйрығы, апа! Осы бұйрықтың тамырына балта шабу керек.

– Кім шабады оны?

– Мен!

– Қалай, ақымақ балам-ау?!

– Қалың малсыз қатын алуды, сүйгеніме қосылуды қазақта бірінші болып бастаймын да, өзгеге үлгі көрсетем!

Сәбит Мұқанов "Аққан жұлдыз"

@kitapuzindisi