Get Mystery Box with random crypto!

Жезқазғандық ғалым Ғұзыхан Ақпанбек «Қазақтардың дүниетанымы» | Кітап үзіндісі

Жезқазғандық ғалым Ғұзыхан Ақпанбек «Қазақтардың дүниетанымы» еңбегінде киіз үйдің ғажаптығын ғылыми негізде әдемі баяндайды.
Керегенің бір қанатындағы желілер 14 ересіннен, 9 сағанақтан, 9 балашықтан тұрады. Алты қанат үйдің сағанақтары мен балашықтарының саны – 108. Бұл сан ежелден аспан саны болып есептеледі... Үй сыртынан айналдырыла тартылған белдеу – аспан белдеуі – зодиактік шеңбер. Шаңырақ шеңбер тәрізді тоғыннан және күлдіреуіштерден тұрады. Күлдіреуіштер парабола тәрізді иіледі. Түндік жабылған шаңырақтың айналу параболоиды. Бұл пішін көк күмбезінің кішірейген бейнесі. Түндік шаршы тәрізді жасалады да, әлемнің төрт бағытын нұсқап тұрады.
Енді уық санына назар аударайық: 45, 60, 72, 90, 120. Бұл сандардың барлығы 360-ты қалдықсыз бөледі.
Күн тұсау бойы, шідер бойы, арқан бойы көтеріледі. Осы өлшемдер шаңырақтан түскен күн сәулесінің жүрген жолынан көрінеді, уық санымен есептеледі. Басқаша айтсақ, уақытты 1-5 минутке дейін дәл өлшейтін күн сағаты. Уықтары конусты жасаушылар деп есептесек, төбесіндегі бұрышы 108 градусқа жуық болып шығады. Жоғарыда айтылған аспан саны тағы да кездеседі.
Ғұзыхан Ақпанбектің бұл сипаттауына қосып-аларымыз жоқ,тек 108 саны – аспан саны туралы бір ғана мәліметті келтіре кетсек дейміз. Бұл санды түркілер ғана емес, шығыс халықтарының біразы қастерлеген. Мәселен, жапондар адамның денесіндегі сүйектің саны 108 деп біліп, пенденің Көкпен осылай үйлескеніне сенген. Сол 108 сүйекті қайта жинаса, өлген адам тіріледі деген түсінік болған.
Ғибадатханаға кірер алдында барабанды 108 рет ұрған. Біздіңше, 108 саны – аспан құрылымының 108 дәйегі. Адам денесіндегі 108 сүйек – сол 108 дәйектің жан иесін де жетілдіруге жүргенін, оның барлық жанды-жансыздың құрылу, түзелу шарты екенін аңғарғандай боламыз.
Анығында. Тәңірлік ұғымда адам кіші әлем болып саналады. Ал кіші әлемнің барлық болмысы – үлкен әлемнің көшірмесі. Сол кіші әлем – адам тас обалар мен киіз үй арқылы үлкен әлеммен сәтті жалғасып, сәт санап, тілдесіп, астасып отырған.

Алдан Смайыл. Саяси-әлеуметтік публицистика.

@kitapuzindisi