Get Mystery Box with random crypto!

Сол күні партия мектебі жедел сақтық шараларына көшкен. Телефо | Кітап үзіндісі

Сол күні партия мектебі жедел сақтық шараларына көшкен. Телефон атаулы үзілді, сыртпен байланысудан мүлде қалдық. Сақшылар көбейді. Бізден қауіптенетіні айқын аңғарылып тұрды. Қалың тындаушының жастарға қосылып кетуі де мүмкін болатын. Олардың кейбірі елді-еліне шұғыл аттанып, Алматыдағы сұмдықтан бейхабар өңірледі дүрліктіруі де кәдік еді.
Ертеңіне барлық оқу топтарын акт залға жинады. Жағдайды түсіндірмекке партия-совет, комсомол қызметкерлері жіберіліпті. Жай қызметкерлер емес, басшы кадрлар.
Мен олардың кімдер екенін ашып айтпай-ақ қояйын. Дені осы күнге дейін аман-сау, белді орындарда тәуелсіздіктің сөзден дауыл тұрғызған патриоттары болып жүріп жатыр. Бәрі мінсіз, түгел абыройлы.
Мән бергім келгені, сол зиялылардың тайғанақтығы мен жүрексіз бейшаралығы еді. Сөздеріне қарасақ, біз білмей келіппіз. Қазақстанды ұлтшылдық жайлап алыпты. Жайлатып бара жатқан анау-мынау емес, Дінмұхамед Қонаевтың өзі көрінеді.
– Не деген масқара, – дейді олар, – Алматының дәл төрінде қазақ балабақшасы ашылады. Оған қазақ ертегісінің батыры Ер Төстіктің аты беріледі. Ол ол ма, Қонаев бұдан да әріге сілтеп, армияға қазақ офицерлерін арнайы даярлатады.
Сөйлеушілердің екпіні күшейе түседі.
– Жеке балабақшасын ашу деген сүттей ұйыған орыс-қазақты ала тайдай бүлдіру деген сөз. Қазақстан Компартиясының басшысы оны білмейді емес. Біле тұра, жол ашып отыр. Ол бұдан да асқынып, кадрларды іріктеуде ұлттық сыңаржақтыққа бой алдырған. Қазақтан партия совет және шаруашылық мамандарын даярлауға тапсырма берген.
Осылай төпелейді, төгілдіреді. Айыптайды, асқындырады.
Осы сатқындық Желтоқсан күндерінде қалай өршігенін арнайы зерттеу арқылы қазақ интеллигенциясының ұлттық деңгейін дәл өлшеуге болар еді.
Сол кездегі айыптаулар мен жазғырушылардың пікірлерін талдау арқылы ел зиялысының халықтық сипаттағы ойлау дәрежесін айна-қатесіз анықтай алар едік.
Сол сұрапыл сәтте, жендеттердің қолында суық қару сесті жарқылдаған тұста, Орталық Комитетке елдің сөзін ашық айта алған, топырағың торқа болғыр Сағат Әшімбаев секілді тағы бір ұлтжанды шоғырдың ерлігін түсінуге ұмтылу арқылы олардың азаматтық қуаты қайдан, қандай қасиеттерден бастау алғанын пайымдау да рухани қажеттілік еді.
Халқының сөзін сөйлегендерге сол шақтағы ең ауыр жаза қызметтен кету болатын. Біразы лауазымды таңдады.
Неге деп толғандық па?
Адам болу, ұлттың азаматы болу қандай қиын еді.
Желтоқсан көтерілісі нақ осы жағынан әлі күнге зерттелген жоқ.
Христиан доктринасында мынадай ұғым бар: Жұмақтың ортасында екі ағаш өсіп тұр. Бірінің жемісін жесең – жануарға, екіншісінің жемісін жесең – адамға ұқсайсың. Адам Ата алғашқысынан дәм татты. Жануар ұрпақ өрбітті.
Ақиқат болып жүрмегей.

Алдан Смайыл. Саяси-әлеуметтік публицистика.

@kitapuzindisi