2022-01-17 17:08:56
Бүгін Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесіне бардық. Мұнда қаңтардағы дүрбелең кезінде Алматыда ұсталған 70 адам отыр. Мекеме алдында ұзын-сонар кезек. Жұрт киім-кешек пен азық-түлік арқалаған. Уайымға батқан әкелер, көзі жасаураған шешелер…
Қамауда отырған 20 жастағы бір жігіт адвокаты арқылы үйіне айтып жіберіпті. «Таксилетіп жүргенімде бірнеше адам «Қазір бізге қосылмасаң көлігіңді сындырып, өзіңді ұрып кетеміз. Алаңға жүр» деп қорқытып әкетіп қалды. Алаңда арқама оқ тиіп, ауруханаға түстім. Бір бүйрегімді алып тастады» депті. Бірер күннен соң әскерилер келіп, қамауға әкеткен.
Алпыстан асқан кісімен сөйлестік. «Балама жұмыстан келе жатқанда оқ тиіпті. Ауруханаға түскен екен. Кейін әскерилер келіп, түрмеге әкетіп қалыпты» дейді. Баласы әкесіне «митингіге қатыспадым» депті. Бұл кісі ұлын бірнеше күн іздеп, осы мекемеден әрең тапқан екен.
37 жастағы Ермек митингіге қатысқан. Жанында граната жарылып, қатты жарақат алған. Басы жарылған, көзі аққан. 5 қаңтарда жан сақтау бөліміне түседі. Бірақ 9 қаңтар күні әскерилер қамауға әкетіп қалған. Мекеме ішінде Ермекпен кездескен адвокат әкесіне «Екі көзін бинтпен орап тастапты. Балаңыз дуал жағалап жүр» депті. Әкесімен кездестік. «Ауыр халде жатқан адамды қалайша алып кеткеніне миым жетпейді. Тергесін, қылмыскер болса, соттасын, бірақ тіпті соғыс кезінде де емделуге мұрсат береді ғой» дейді.
Мекеме алдында тұрған тағы бір ағаның сөзі қатты әсер етті. «Бізді 30 жыл қинаған адамды жібердік. Кетті. Қазір бір жағынан қуаныш, бір жағынан қасірет болып жатыр. Өтінерім, әділдік болсыншы. Балалар босқа сотталып кетпесін» деді. 70 адамның бәрі тергеуге байланысты сот шешімімен екі айға қамауға алынған. Қылмыстық істер жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, заңсыз қару сақтау және ұрлық баптарымен қозғалған.
Видеоны мына жерден көріңдер.
906 viewsayan kalmurat, 14:08