Get Mystery Box with random crypto!

-БАП БАҒАЛЫ ДҮНИЕДЕН САДАҚА БЕРУ «Жақсы көрген дүниелерің | ХАДИСТЕР ЖИНАҒЫ

-БАП

БАҒАЛЫ ДҮНИЕДЕН САДАҚА БЕРУ


«Жақсы көрген дүниелеріңнен (яғни, бір бөлігін болса да) Аллаһ жолында жұмсамайынша, ізгілікке қол жеткізе алмайсыңдар»
(«Әли Имран» сүресі, 92-аят).

«Уа, иман еткендер! Тапқан табыстарыңның және біздің сендер үшін жерден шығарған өнімдердің жақсысынан садақа беріңдер. Ал (өздеріңе берілсе жақтырмай алатын) қадірі шамалы нәрсені Аллаһ жолында беруші болмаңдар»
(«Бақара» сүресі, 267-аят).

-ХАДИС:

Әнәс (р.а.): «Ансарлардың Мәдинадағы құрма бақшаларының басым бөлігі Әбу Талханың (р.а.) еншісінде еді. Оның ең сүйікті дүниесі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітіне қарама-қарсы орналасқан Бәйруха атты құрма бағы болатын. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол бақшаға жиі барып, балдай тәтті суынан ішіп тұратын еді», – деді.
Әнәс (р.а.) әңгімесін жалғастырып: «Құранның «Жақсы көрген дүниелеріңнен Аллаһ жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» (54) – деген аяты түскенде, Әбу Талха Аллаһ елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, расулаллаһ! Аллаһ тағала сізге «Жақсы көрген дүниелеріңнен Аллаһ жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» – деген аятты түсірді. Менің ең жақсы көретін дүнием – Бәйруха. Енді оны Аллаһ тағаланың разылығы үшін садақа етіп беремін. Аллаһ тағаланың құзырында оның жақсылығын көруді, әрі мен үшін сауап қоры болуын тілеймін. Уа, Аллаһтың
елшісі! Сіз соны қабыл алып, Аллаһтың қалауы бойынша пайдаланыңыз», – деді. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Бәрекелді, жарайсың! Мол табыс әкелетін дүние, міне, осы», – деп екі қайтара айтып, «Сенің айтқаныңды естідім (яғни, шынайы ықыласыңды көрдім). Алайда оны жақын туыстарыңа бөліп бергенің дұрыс болады деп ойлаймын», – деді. Сонда Әбу Талха (р.а.): «Уа, Аллаһтың елшісі! Ендеше, айтқаныңыз болсын, солай істейін», – деді де, бақшаны ет жақындары мен немере аға-інілеріне үлестіріп берді», – деп айтты.

(Бұхари, зәкәт 44; Муслим, зәкәт 42).

(54) «Әли Имран» сүресі, 92-аят

@hadister_jinagy