Get Mystery Box with random crypto!

Мамандық, университет, грант туралы (2) ҰБТ аяқталуға жақын, | AYATZHAN / Мінез!

Мамандық, университет, грант туралы (2)

ҰБТ аяқталуға жақын, біраз түлек қолында сертификат, университет пен мамандық таңдау деген маңызды басқыш алдында тұр. Күн сайын ондаған оқушы мен ата-ана кеңес сұрап жекеме жазып жатыр. Бәрі “Қай мамандық жақсы, мынандай балмен қай мамандық, қандай университетке түсе аламыз?” деп сертификат суреттерін жібереді. Әр адамға жеке кеңес беруге үлгермегендіктен, арнайы мамандық таңдау кезіндегі маңызды түйіндерді ескертейін.
Мамандық таңдаған дұрыс. Бірақ көбіміз “мамамдық” (мамасы таңдаған мамандық) таңдап кететініміз ақиқат. Жалпы мамандық таңдау туралы ойымызды осыған дейін жазған едік, ол www.aizere.kz жеке блогымда тұр. 10-сынып болсаңыз, міндетті түрде оқыңыз.

Ал дәл қазір сертификат бар, таңдау пәніміз белгілі, ендігі біздің таңдайтынымыз, шыны керек, мамандық емес, грант екені ақиқат. Жақсы мамандықтың грантына түсу – жарты бақыт, сол себепті мамандық пен университет таңдар кезде ертең өкініп қалмас үшін төмендегі дүниелерді ескертейін.
Әр мамандыққа бөлінген гранттар тізімі жақын күнде шығады, www.kazbilim.kz сайтына, телеграм https://t.me/kazbilim арнасына саламыз. Бірақ бір мамандыққа гранттың көп бөлінуі сіздің грантқа түсуіңізге кепіл емес, аз грант бөлінген мамандықты аз адам, көп грант бөлінген мамандықты көп адам таңдауы мүмкін.

Бір мамандықты екі-үш университеттен таңдамай-ақ қойыңыз. Сіз конкурсқа түсудегі мүмкіндігіңізді азайтасыз. Себебі грант университетке емес, мамандыққа бөлінеді. (Педагогика және медицина мамандықтарындағы квотадан басқа)

Мамандық таңдаған кезде сертификаттағы балыңыз маңызды, асқан тәуекелге бармаңыз. Мысалы, 115-пен стоматология немесе 85-пен жалпы медицина таңдап әуре болмай-ақ қойыңыз. Көрпеңізге қарай көсілген дұрыс. Мұны қалай межелеуге болады?
Ол үшін өткен жылғы грант иегерлері тізімін жақсылап қараңыз. Ол да www.kazbilim.kz сайтында тұр. Биыл грантқа түсу балы төмендейді не жоғарылайды деп айтуға әлі ерте. ҰБТ толық бітсін, жалпы статистика шықсын. Бірақ кез келген мамандыққа өткен жылғы ең төменгі балдан 6-7 баллдан артық тәуекел қажет емес.

Балыңыз грантқа түсуден гөрі тәуекелге жақын болса, онда ең маңызды кеңес, мамандық таңдау биыл да шамамен 13-20 шілде аралығында жүреді. Сіз мамандықты 18-20 шілде арасында, жұрттың ең соңында тапсырыңыз. Себебі ҰТО әр күні бір мамандықты неше адам таңдағаны туралы статистика жариялауы мүмкін, соған қарап отырып, өз балыңызбен таңдаған мамандыққа түсу-түспеуіңізді 90% межелеуге болады. Себебі мамандық таңдау басталған кезде өзіне толық сенімділер бірінші таңдап кетеді, сосын бір грантқа неше адам таласып тұрғанына қарап, өз мүмкіндігіңізді біліп аласыз. Мысалы, бір грантқа 5 адамнан артық таласып тұрса, әуре болмаңыз. Бір грантқа 0,7 адам таласып тұрған мамандықты ойланбай таңдай беріңіз.

Университеттердің қабылдау комиссиясы кеңес бергенде өзін таңдауды, өзінде бар мамандықты таңдауды ұсынуы, тіпті кейбірі “бізді таңдамасаң, құжатыңызды алмаймыз” деп міндетсінуі мүмкін. Бұл – заңсыз! Сіз бір қаладан бір қалаға жүгірмей, өзіңіз қалаған кез келген университет пен мамандықты таңдай аласыз. Құжат қабылдау www.egov.kz сайтында онлайн түрде жүреді. Сосын грант иегерлері тізімі шыққан соң, өзіңіз түскен университетке құжатыңызды алып бара бересіз.

Құжатты 20 шілде сағат 18.00-ге дейін тапсырып болсаңыз болғаны, ерте тапсыру мен кеш тапсырудың конкурсқа еш қатысы жоқ. Сондықтан асығыстық жасап қоймаңыз.

Ауыл квотасы, қандастарға берілетін квота немесе тағы басқа жеңілдіктер барлық мамандықта бола бермейді. Мысалы, халықаралық қатынастар, ғылыми физика мамандығында ауыл квотасы жоқ. Сондықтан мұны ескеру маңызды. Ауыл квотасы бар мамандықтар тізімі де www.kazbilim.kz сайтында тұр.

Танымал мамандық таңдап, ертең өкініп қалмаңыз, өзіңіз ең жақсы маман болып шыға алатын саланы таңдаңыз. Хит мамандықтың сапасыз кадры болғанша, ел менсінбейтін мамандықтың мықты маманы болу – табысқа жетудің төте жолы.