Get Mystery Box with random crypto!

Құрметтеу, қадірлеу, сыйлау, ардақтау - осы сөздердің барлығы | Жергілікті аудармерия

Құрметтеу, қадірлеу, сыйлау, ардақтау - осы сөздердің барлығы синоним сөздер.
Сезім тұрғысынан да ұқсас. Тек реңкі бөлек. Қай сөзбен тіркесетіні ғана емес, нақты іс жүзінде нені білдіреді?
Сыйлау - ым, ишаратпен уважуха таныту. Яғни сыпайылықтың жемісі. Сыйлап төрге шақыру. Сыйлап орын беру. Ырым жасау. Қоғамдық әдеп талабынан туады. Жұрттың сенен алдын-ала күтіп тұратын, ренжітіп алмайыншы деген сезімің.

Құрметтеу - Бұл жай этикет пен құр әдептілік шаралары емес, одан артықтау әрекет жасау. Мысалы, құрметтеп, көше атын беру. Құрметтеп, ат-шапан кигізу. Құрметтеп, кітап сыйлау. Яғни, тек сыйлағаннан емес, ұзақ уақыт жеке тірлігіне, еңбегіне тамсанғаннан, ілеу де біреуге жасалатын амал. Талап жоқ, бірақ неге жасап, мәз қылмасқа деген ойдан туады. Жақсының жақсылығын айтып елеп қою деген әлеуметтік ниетіңнен туады.

Қадірлеу - бұл әлдебір заттың не жақын адамның парқын біліп, күнделікті әрі лайықты амалдар жасау.

Құрметіңді, паш етіп бір үлкен есте қалар әрекетпен жеткізер болсаң,
қадірлейтініңді керісінше, көпке көрінбейтін, бірақ тұрақты әрі нәзік амалдарыңмен білдіресің. Қадірлеу - ол сол заттың/адамның тап сенің үшін (қоғам емес, сен үшін) маңызын түсінуден туатын сезім. Талап та, міндет те жоқ, әлеуметтік парыз сезімі де жоқ, бұл елгезек адамның таза көңілінен туатын сезімі.

Ардақтау - құрметтеу мен қадірлеудің қосындысы. Алақанға салып жүру. Бағалап, әлпештеп, аялау. Ардақтау көңілден туатын қадірлеу мен санадан туатын кұрметтеу сезімінің қосындысы. Күнделікті қадірлеу мен кей-кейде құрмет көрсетіп атын асқақтатудың қосындысы.