Get Mystery Box with random crypto!

Адам туыла салып, бәрін өзі істеп кетсе, жануардан айырмашылығ | Алмат Жайлаубаев

Адам туыла салып, бәрін өзі істеп кетсе, жануардан айырмашылығы болмас еді. Сол үшін адам баласы – айналасындағы кісілердің айтқаны мен істегенін қайталау арқылы үйренеді. Демек адам өз болмысын еліктеу [қайталау] арқылы ғана табады. Тек содан кейін барып, тұлға болып қалыптасады.

Тіпті жолға шығар болсақ, алдында барған кісіден сұраймыз. Сөйтіп сол кісінің айтқанына қарай қамданып, көрсеткен жолымен барамыз. Бұндай қайталауда қайыр бар. Өйткені жолдың қиындығы мен қауіпті жерін алдын-ала біліп отырамыз.

Бүгін бір кісінің өмірінен бір мысал беремін. Өзіңізге керекті қасиеттерін алып, іс жүзіне асырсаңыз болады. Қазекем айтпақшы: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен». Ендеше қайталаудан ұялмаған жөн. Кеттік.

Бір досым күн сайын таңғы сағат 4:30-да тұрады. Тұра салып, 1 стақан су ішеді. Суық емес, жылы су. Ішкенде де отырып ішеді. Тұрып ішу – ішекке зиян екен.

Одан кейін дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Біраз терлеп, жуынып алады. Таңғы дұғаларын оқып, медитация жасайды. Осылайша бойы мен ойын жинақтап, кітап оқуға кіріседі.

6:30-да таңғы асын ішіп, жұмысына бет алады. 7:00 - 7:30 арасында жұмыс орнында, күнінің жоспарын жасайды. Алдын-ала маңызды жобаларға дайындалады. 9:00 болған сәтте жұмысқа кірісіп, бір минутын бос өткізбейді.

Жолда жүргенде құлағынан құлаққап түспейді. Әр уақыт өзіне керекті, пайдалы дүниелерді тыңдап, ой-түйіндерін «Notability» қосымшасына түртіп алады.

Кешкі асты әрдайым жанұясымен ішіп, сапалы уақыт өткізеді. Бірге отырып, кітап оқып, артынан бірге ойын ойнайды. Кейде бәрі кино көреді.

Жатар алдында күнінің анализін жасап, қорытындылайды. Шүкіршілік дәптерін толтырып, Алланың берген Нығметтерін ұмытпайды. Осылайша күні де, жасаған істері де берекелі болады.

Басындағы барлық ойы мен ертеңгі жасайтын істерін қағаз бетіне түсіреді. Осылай жасау арқылы, ұйқысының тыныш болатынын біледі. Сонымен қатар ертеңгі күнінің жоспарын да шығарған болады.

Ең жақсы қасиетінің бірі - 22:00-де жатып қалады. Ерте жату – ерте тұруына себепші. Ал ерте тұрған әйел мен еркектің несі артық екенін жақсы білесіз.

PS. Жоғарыда берілген мысалдан өзімізге көп үлгі шығаруға болады. Ерте тұру. Денсаулығына қарау. Өз ісін жақсы көру. Жасап жатқан ісін жақсы көру. Жоспарлы түрде жұмыс жасау. Бос уақытты пайдалы өткізу. Жанұясына көңіл бөлу. Босаңсу. Ұмытпас үшін ойларын жазып отыру. Шүкір ету. Кітап оқу. Ерте жату. Т.с.с.

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болсын!

https://t.me/almatzhai