Get Mystery Box with random crypto!

100% АнтиФэйл* формуласы ⠀ *АнтиФэйл [AntiFail] - сәтсіздікті | Алмат Жайлаубаев

100% АнтиФэйл* формуласы

*АнтиФэйл [AntiFail] - сәтсіздікті жеңіске айналдыру; сәтсіздікке ұшырамау мағынасында.

Кез келген іс мотивациямен басталып, әдетпен жалғасады. Бір істі соңына дейін жеткізу әдеті қалыптаспаған жағдайда, іс аяқсыз қалады. Істер әрдайым аяқталмаса, тұрақсыздық пайда болады.

Сондықтан әр істі жеңілдетіп, ең оңайынан бастау керек. Адам 42 шақырым марафонға дайындықсыз, бірден жүгірсе, не болады? Жарты жолға жетпей зорығып қалады. Жүрегі тоқтап, өліп кетуі мүмкін. Не болмаса жарақат алады.

Дұрысы болса - үздіксіз дайындалу. Басында жарты шақырымнан жүгіре бастау. Ағза үйренген сайын, біртіндеп қоса беруге болады. Сөйтіп 3-4 айда 42 шақырымға жетіп қалады. Сонда мидың қабылдауы да, ағзаның төзімділігі де дайын болмақ.

«Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп, Абай атамыз бекер айтпаған. Сол үшін сабырсыздық танытпай, кішкентай қадамдардан бастау қажет.

Осыған орай “100% АнтиФэйл” формуласымен таныс болайық. Бұл формуланы қолданатын адамның ұраны: “Бір істі аз болса да үздіксіз орындап, жеңілдетіп, әдетке айналдыру”. Әдетке айналған іске көп энергия жұмсалмайды.

“100% АнтиФэйл” формуласы: м 100% М

м = минимум [ең азы] деген мағынаны береді.
М = Максимум [ең көбі] мағынасында.
100% = “Минимум” мен “Максимум”ның дәл ортасындағы көрсеткіш.

Бұл формуланы кез-келген салада қолдануға болады. Әсіресе бір әдет қалыптастыру кезінде таптырмас әдістің бірі.

Мысалы үшін кітап оқуды әдетке айналдырғымыз келеді делік.

Маңыздысы үздіксіз, күн сайын оқу. Адам ауырып қалса да, оқи алатын мөлшерін бекітіп қойған дұрыс. Яғни қиналмай оқи алатын м = минимум [ең аз] кітап бетін аламыз: м = 3 бет.

Бос уақытты тиімді пайдалану керек. Кітап көп оқылатын кезеңді бекітіп қою өте маңызды. Мысалы демалыста немесе бос уақыттарда оқи алатын М = Максимум [ең көп] кітап бетін аламыз: М = 47 бет.

Ал қалыпты жағдайларда, әрдайым оқылуы керек мөлшерді де бекіткен абзал. Бұл күн сайын оқылуы керек беттер саны. 100% = “Минимум” мен “Максимум”ның дәл ортасындағы көрсеткішті аламыз: 100% = 25 бет.

м = 3 бет
М = 47 бет
100% = 25 бет

Бұл көрсеткіш - кез келген жағдайда оқи алатын кітап бетінің сандары. Әрине асыруға болады, бірақ бекітілген саннан аз жасамау керек. Сонымен адам өзінің кіші «м»-ін, үлкен «М»-ін және «100%»-ін де біледі. Сылтау бітті. Тек әрекет жасау ғана қалды.

Ең бастысы - аз болса да, үздіксіз орындап, әдетке айналдыру. Алланың сүйікті амалы да осы болса керек.

https://t.me/almatzhai