Get Mystery Box with random crypto!

“Тормоз” болмау. ⠀ Бұл жазбамды былтыр Шілде айында жазыппын. | Алмат Жайлаубаев

“Тормоз” болмау.

Бұл жазбамды былтыр Шілде айында жазыппын. Ковидтен көп адам қайтыс болып жатқан кез болатын. Назарларыңызға ұсынамын.

Мектеп шағымда бір оқиға болды. Дискотека алдында жігіттер арасында бір ерегіс шыққан еді. Дәл сол сәтте біреу тапаншасын (пистолетін) біз жақтағы баланың басына тақайды.

Әлгі біреу сотталып келген қаныпезер болатын.
Біздің бала да мықты, қорқақ емес-тін. Дегенмен біздің батырдың тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалды. Денесі сіресіп, қимылдауға шамасы келмей, терлеп кетті.

Бұны үрейден туындаған шок дейді екен. Қатты қорыққаннан адам “тормоз” болып қалады. Ойында тек сол кезден аман қалсам деген ой, болды!

Артыңыздан аю қуалағанын елестетіп көріңізші. Миыңыз үрейден тек сол аюдан құтылуды ғана ойлайды.

Дәл осы сияқты уайым-қайғы мен үрей - сіздің ойлау қабілетіңіз бен миыңыздың сансыз мүмкіндігін шектеп тастайды.

Мына қиын уақытта бойымызды үрей мен қорқыныш сезімі билеп, ойлау қабілеті тарылып, алыстан көре алмайтын (близорукость) ауруына шалдықтық. Сана-сезіміміз тірі қалу режиміне ауысып кетті.

Қанша қорықсақ та ажал келсе кетеміз. Сол үшін келешек пен өткенді ойлап, уайымдап, құр енергия жұмсаудың қажеті шамалы. Өткен өтті келмейді, келешек әлі келген жоқ.

Ең дұрысы қазіргі уақытты тиімді пайдалану. Ешнәрсеге алаңдамай, сана-сезімді тазалап, босаңсу режиміне өту. Күн сайын медитация жасап, мақсатымызға сай еңбек етіп, Аллаға тәуекел ету.

Тек тәуекел етіп қана қоймай, даму мен кемелдену жолында болу. Әр күніміз бізді өз мақсатымызға бір қадам жақындатуы керек.

Бәрі өткінші. Бұл кезең де өтеді. Сол үшін алдыңызға қойған мақсатты көре алмайтындай соқыр болудан құтылу керек. Арыстандай айбаттанып, бір сілкініп, қайта аңыңызға (мақсатыңызға) бет бұрыңыз!

Уа, Алла. Расында мен саған уайым қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан өзіңе сыйынамын деген дұға бекер болмаса керек!

Даму мен кемелдену жолындағы сапарымыз сәтті болғай!

https://t.me/almatzhai