Get Mystery Box with random crypto!

Ақымақ қоян Авторы: Әсел Қанаш Көктем шығып, тіршілік атты қ | АЛАН&KIDS БАЛАЛАР ЖУРНАЛЫ

Ақымақ қоян

Авторы: Әсел Қанаш

Көктем шығып, тіршілік атты қайта жандана бастаған шақ. Азық-түлігі таусылып, қыстан үзіле жеткен жан-жануар алдағы жаз қайта күш жинап, келер қыс қорегін қамдауға кірісіп кеткен.
Ұзын құлақ сұр Қоян да өзінің жейтін азығын ертерек дайындап алуды ұйғарып, күні бойы сәбіз тұқымын жинаумен болды. Ертеңгі күні таң ата салысымен бақшаға барып, сәбіз егеді.
Алтын күннің сәулелері Қоянның бөлмесіне жарыса кіріп, Ұзын құлақты қытықтап оятты. Қоян әдеттегідей төсегінде біраз керіліп жатпақ еді, бүгін жоспарлап қойған жұмысы есіне түсіп, атып тұрды. Ол таңғы асын асыға ішті де, құрал-сайманын сайлап алып, бақшаға бет алды. Бақшаға келе сала, көп ойланбастан бес-алты жолды қазып тастады, содан соң ол жерге тұқымдарын сеуіп, көміп, үстіне су сеуіп шықты. Қоян осылай тағы да бір- екі рет қайталады. Бір уақытта ол шаршай бастағанын сезіп, біраз демалайын деп, жеміс сеуіп жатқан тіліктің шетіне отыра кетті. Кенет оның көзі бұтадан бұтаға секіріп, жаңғақ теріп жүрген Тиінге түсті. Қоян Тиіннің әрекетін ұзақ бақылап отырды да, ойы бұзылып, істеп жатқан ісінен жеріп қалды. «Осы менікі не әурешілік?! Таңертеңнен кешке дейін бүкшеңдеп жүргенім мынау. Ол аздай, әлі бұның арам шөбін жұламын, бірнеше рет суарамын. Сөйтіп ала жаздай әуре-сарсаңнан құтылмаймын... Ал басқаларды қарашы! Мен сияқты күні бойы тер төгіп жүрген ешкім жоқ. Ойнап жүріп-ақ азығын жинап жүр, шаршамайды, көңілдері де көтеріңкі. Мен де солай жасап көрсем қалай болады екен?!»
Қоян осы ойын дереу іске асырмақ болып, жұмысын тастап, Тиінге келді.
- Достым, сен маған жаңғақ жинаудың жолын үйретші. Ертелі-кеш бүкшеңдемей, сен сияқты секіріп жүріп қарнымды тойдырғым келеді.
- Жарайды. Үйретсем, үйретейін. Бұның түк қиындығы жоқ. Жаңғақ деген өте дәмді ас қой, – деп Тиін келісе кетті. – Мен отырған бұтаға шық.
Қоян Тиін отырған ағашқа өрмелемек болып екі-үш рет талпынып еді, онысынан түк шықпады. Тиін оған көмектесейін деген оймен бір топ тиінді шақырып алды. Олардың жартысы Қоянның алдыңғы екі аяғынан сүйреп, қалғаны артынан итеріп, жабылып жүріп манағы бұтаға шығарды. Жетер жеріне жетіп алған соң Тиін досына жаңғақ терудің әдіс-тәсілін түсіндіре бастады. Содан соң: «Соңымнан ер!» – деді. Биік ағаштың басында онсыз да дірілдеп әрең отырған Қоян қорқа-қорқа Тиіннің артынан жүрді. «Ал енді сен қарғып барып, анау тұрған кепкен жаңғақты жұлып ал» – деді ұстазы шәкіртіне. Қоян «Тәуекел!» деді де, Тиін нұсқаған жаңғаққа қарай бар пәрменімен бір-ақ ырғыды. Бұл іске ешқандай ебі жоқ Қоян жаңғаққа қолы жетсе де, бұтаққа қарманып қалуға шамасы келмей, жерге гүрс етіп құлады. Ол аздай, ағаштың жаңқалары денесін жырым-жырым қылып, тұла бойын дуылдатып барады. Қоян осындай қатерлі іске басын тіккеніне қатты өкінді. Қолындағы жаңғағын татып көрмек болып, аузына апарып еді, кермек дәмі тіліне жағымсыз тиді. Сонша жанын қинап тапқаны осы бір ащы жаңғақ па?! Онысы тағы — күзден бері қурап, бос қалған ескі жаңғақ. Қоян жаңғақты лақтырып жіберді де, сүйретіліп орнынан тұрды. «Мына іс маған жарамайды екен» – деп ойлады ол. Қоян Тиінмен қош айтысты да, өз жөнімен кете барды.
Сәтсіз істен ұнжырғасы түсіп келе жатқан Қоян жолда Аюға жолығады. Аю оның сырылған денесін көріп, мән-жайды сұрайды. Қоян болған істі түгел баяндап береді.
- Ммм... мынауың расымен де болмайтын іс қой. Ағашта өрмелеп көрмеген сен үшін бұндай шаруаның қайыры болмас. Одан да менімен жүр. Мен саған бал табуды үйретейін. Бал деген астың төресі ғой! Кез келген асты мақтағанда «дәмі балдай» деп, балмен салыстырып жатады. Саған да ұнары анық. Бал деген суаруды да, ағашқа өрмелеуді де қажет етпейді. Барасың да жейсің. Болды.
Қоян Аюдың айтқанына қызығып, бірден келісе кетті. Осылай екі дос омартаға бет алды. Келген бетте Аю бірнеше бал жәшіктерін құлатып, аузы ашылған бір жәшіктің ішіндегі балауызын тістеп алды да қаша жөнелді. Ол Қоянға да осылай жасау керектігін түсіндірген болатын. Алайда құж-құж қайнаған ара қашып кеткен Аюға емес, құлаған жәшіктің даусынан үркіп, не істерін білмей тұрып қалған Қоянға тап берді. Қоян да қаша жөнелді. Аралар Қоянның соңына түсіп, қуа жөнелді.