Get Mystery Box with random crypto!

Онсыз да тілім-тілім терісін ара талап, одан бетер жанына баты | АЛАН&KIDS БАЛАЛАР ЖУРНАЛЫ

Онсыз да тілім-тілім терісін ара талап, одан бетер жанына батып барады. Сол қашқаннан Қоян алдынан шыққан бір көлшікке күмп етті де, жоғалды. Аралар қайтып кетті. Бір күнде екі рет таяқ жеген Қоян көлдің жағасына шықты да, отыра қалып, көз жасына ерік берді. Ағаштан құлап, жарақат алғанын, араға таланғанын, одан құтыламын деп малмандай су болғанын, енді бүрісіп айдалада отырғанын ойлап өксіп-өксіп жылады. Оның жылаған дауысын су ішіндегі балықтар естіді. Бір кәрі шортан бұған бей-жай қарап қала алмай, су бетіне шығады. Ол жылап отырған Қоянға жақындап:
- Шырағым, саған не болды? Бұлай отыруыңа жол болсын! – деді.
- Не болды деріңіз бар ма... – деп Қоян одан бетер еңіреді. – Ел қатарлы тіршілік етпек болып... кәсіп іздедім. Тиінге бардым. Жаңғақ теремін деп ағаштан құладым. Аюға ілесіп, бал ұрлаймын деп араға таландым. Үсті- басым жан таптырмай барады...
- Сенің жағдайың шынымен қиын болған екен, бала. Құрлықты мекендейтін жануарлардың өмірі өмір емес. Нағыз өмір біздікі ғой. Су ішінде рахаттанып жүзіп жүргенің. Ашықсаң, аузыңды аша салу жеткілікті – керек қорегің алдыңда. Қарның да тоқ, қайғы да жоқ. Сен осы мейірімсіз әлеміңді таста да, менімен жүрсеңші. Мен сені ғажайып өмірге апарайын.
Жұбата сөйлеген Шортанның сөздері Қоянның құлағына майдай жақты. Ол сол сәтте-ақ күні бойы бастан кешкен оқиғаларын ұмытып, қарт Шортанның артынан ере берді.
Өзінің байыптылығымен, көпті көрген даналығымен алыс-жақын аймаққа танымал болған Шортан бұл жолы Қоянның суда сүңги алмайтынын ескермеген еді. Ал табысқа тез жетуді ойлаған ақымақ Қоян әлі жетпес іске әлек болып үшінші рет опық жеді. Су астына сүңги жөнелген балықтың ісін айнытпай қайталамақ болған Қыли көз көлге басын тыққаны сол еді, аузы-мұрнына су кіріп, тұншыға жаздап, қайта шықты. Ол жалма-жан жағаға жетті де, үсті басын күнге кептірмек болып, алдында жатқан бөрененің үстіне барып жантая кетті. Күнге қыздырынып жатып Қоян болған істің бәрін ой елегінен өткізіп, бір күнде бірнеше рет басын тасқа соқтырған өзінің ақымақтығына қынжылды. Ақырында ол әр істің өз қиындығы барын және әркім өзі жақсы білетін кәсібімен айналысуы керегін түсінді де, бақшада қалған құрал-сайманын жинап алуға тұра жөнелді.