Get Mystery Box with random crypto!

​​Талауға түскен жұртым бар, Қанауға түскен құл сынды. Сорлыны | Қазақ әдебиеті

​​Талауға түскен жұртым бар,
Қанауға түскен құл сынды.
Сорлының сөзін кім тыңдар,
Сорасы көзден ыршулы.

Көзінің жасы кеппеген,
Жұртым бар жалтақ, жасқаншақ.
Кетпеген тепкі өкпеден,
Шыққанмен қанша аттан сап.

Құралған өңшең тобырдан,
Жұртым бар көнбіс, көшке ермес.
Еті өліп кеткен елім бар,
Езіліп жатсын - ескермес.

Езілсін қанша өкшемен,
Талауға түссін тіпті әбден.
Құдайға үні жетпеген,
Құлындай даусы шыққанмен.

Қойдан да қоңыр жұртым бар,
Қорадан шықпай қамалған.
Қойшының зарын кім тыңдар,
Қасқырға жыртқыш таланған.

Шешілді шүкір - тұяқ бау,
Еркіндік бірақ жоққа есеп.
Бір қимыл керек сияқты-ау,
Мал болып мүлде кетпесек.

// Серік Томанов