Get Mystery Box with random crypto!

​​Хақ Тәңірлік қалыппен, ұлы үлгіңмен, Құзырында жаратқан құлы | Қазақ әдебиеті

​​Хақ Тәңірлік қалыппен, ұлы үлгіңмен,
Құзырында жаратқан құлыңмын мен.
Қалауыңа лайық болмыс біткен,
Әлхамдулилла, әсеммін, сұлумын мен.

Өмір бердің, Көз бердің, Көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің,
Һауа ана, Адам ғалейксалам нұсқасымен
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.

Отан бердің, От бердің, Қорек бердің,
Бесігіңді тербет деп, бөбек бердің,
Саясында тынықтым теректердің
Сенің Рахымыңды медет көрдім.

Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің,
Раббым, сенен бөлек осыншалық
Нығыметтерді мен үшін әзірлер кім?!

Шаттықпенен қарсы алам Күн шуағын,
Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім!
О, Жаратқан! Өзіңе - шүкірлігім
Жарылқауыңа - мәңгілік құлшылығым.

Қуат бердің, Тіл бердің, Рух бердің,
Тілегімді хусни, тұнық бердің,
Күллі адамзат баласын жарылқаған
Рахметіңнен үздіксіз үміткермін.

// Күләш Ахметова - Жаратқанға жалбарыну

@adebiet #поэзия