Get Mystery Box with random crypto!

Қаншама рет қалам тартсам қасымда, Сен тұрасың жүрегімнің басы | Қазақ әдебиеті

Қаншама рет қалам тартсам қасымда,
Сен тұрасың жүрегімнің басында,
Сен өзімнің өміріме кіргенсің
Сонау-сонау сегіз-тоғыз жасымда.
Қаламға бір, саған да бір қараймын,
Жақсы атымды, мақсатымды санаймын,
Барлық тәуір күндерімде сен барсың,
Жүздерінде сан жыл менен сан айдың.
Мен біреуді қадірлесем, сыйласам,
Адал дос пен азаматты жинасам,
Не бір ұлы биік-биік мінбеде
Сөз сөйлесем, шешендерді тыңдасам.
Бәрінде де сенің даусың, үнің бар,
Сенің жаның, сенің тәтті тілің бар,
Өн бойында осынау бір өмірдің
Өзің берген парасат пен білім бар.
Ол болмаса - сенің де атың өшкені,
Жүрегіңнен махаббаттың көшкені,
Уа, мұғалім, өз бетіңе тік қарап,
Сәл ірілеу кетіп қалсам, кеш мені!
Дауыстаман: мен сүйемін сені! - деп,
Қасыма кеп, дәптеріме төніп өт,
Онда сенің, сенің ғана атың бар
Бала күннен көп жаттаған көкірек.
Сені жазбай ешбір сабыр жоқ маған
Күнім де жоқ есіміңе соқпаған,
Сонау Ұлы Ыбырайдан бір бастап,
Мен қазіргі Мақатқа кеп тоқтағам.
Сонда-сонда көңіл адал, жан ізгі,
Өтеу еді шәкірт болған қарызды,
Әлі күнге ылғи класс ішінде
Менің өмірім оқып жүрген тәрізді.
Бұл Қоғамның, бұл қауымның көзінше,
Сәл қисайып, осалдығым сезілсе,
Сен қарады-ау, сен қиналып қалды-ау деп,
Кешу сұрап, күбірлеймін өзімше.
Асыл жандар, мұғалімдер, ұстаздар,
Шын шеберлер, өнерпаздар, іспаздар,
Әр шәкірттің кеудесінде бір ту бар,
Сол бір туды жығып алмай ұстаңдар!

// Ғафу Қайырбеков – Ұстазбен сырласу