Get Mystery Box with random crypto!

Соғылды алғашқы қоңырау, Құлыным, мектепке дайындал! Құр аттай | Қазақ әдебиеті

Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар...

Мән берме шуына қаланың,
Бойыңда рухы бар даланың.
Тастақ жол мектепке бастайды,
Құт болсын алғашқы қадамың,
Дайын ба әлiппе, қаламың!

Келе ғой аяғың талмасын,
Жанымның тiп-титтей бөлшегi!
Сән сезiм сыйлайды жанға шын,
Тап-таза сәбилiк өлшемiң.

Көшелер қиылысы – қанбазар,
Құлдыраң қағып сен кiрерсiң.
Жалғанның сыны да сан тосар,
Бiр тұрып, бiр жүрiп түлерсiң.

Жанарың кетпесiн қарығып,
Сәтiмен жетерсiң асқарға.
Сүрiнiп кетпегiн, жарығым,
Шашылған қиыршық тастарға.

Дәл осы есейткен талайды,
Алғашқы қоңырау сыңғыры.
Соғылған қоңырау, алайда –
Қағылған өмiрдiң күмбiрi.

Бұл өмiр талайды сынаған,
Қол созып жүргенде арманға.
Қарғам мен соңғы рет жылағам.
Әкесiз мектепке барғанда...

Соғылды алғашқы қоңырау,
Құлыным, мектепке дайындал!
Құр аттай құйғисың өмiр-ау,
Бойымда бiртүрлi уәйiм бар.

// Жанарбек Әшімжан - Алғашқы қоңырау