Get Mystery Box with random crypto!

​​Өмір өзен ағысы зор иірім, Адамдардың жұтып жатыр пейілін. Ж | Қазақ әдебиеті

​​Өмір өзен ағысы зор иірім,
Адамдардың жұтып жатыр пейілін.
Жанарларға қарай берем жаутаңдап,
Көрем бе деп махаббат пен мейірім.

Құндылықтар құбылды да кей ұғым,
Арзандады, еңкіш тартты иығым.
Жер бетінде қалды ма екен қылаудай,
Мен іздеген махаббат пен мейірім?

Кие алмай тақуалық киімін,
Адастырдық абаданның үйірін.
Тау-тас кезіп іздеп жүрміз таба алмай,
Қайда кетті махаббат пен мейірім?

Тіршіліктің түсіне алмай түйінін,
Аралаймыз қаралай біз қиырын.
Адастырып кеткендей ме шынымен,
Қай жақта жүр махаббат пен мейірім?

Қайыршыдай санап теңге, тиынын,
Қорек қылып қара нанның түйірін.
Қара судан жұтып қойып, өмірім
Өтіп жатыр, салмайды көз қиығын
Мен іздеген махаббат пен мейірім.

Мен іздеген махаббат пен мейірім,
Жоғалған соң жабырқатты жиі мұң.
Лүпілі жоқ тас жүректе тарсыл көп,
Өмір бақи іздеп өтем мейілің.

Күмбірлейді көңілімнің күйі мың,
Көтерілер күн туа ма иығым?
Арып-ашып іздеп жүрмін, көзіңе
Түспеді ме махаббат пен мейірім?

// Мұнайдар Балмолда - Махаббат пен мейірім
@adebiett