Get Mystery Box with random crypto!

​​Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты - Қырандай күшті қа | Қазақ әдебиеті

​​Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты -
Қырандай күшті қанатты.
Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!

Жас қырандар-балапан,
Жайылып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!

Жұмсақ мінез жібектер.
Сүттей таза жүректер.
Қасиетті тілектер -
Мен жастарға сенемін!

Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!

Қажу барма тұлпарға,
Талу барма сұңқарға,
Иман күшті оларда,
Мен жастарға сенемін!

Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!

// Мағжан Жұмабаев – Мен жастарға сенемін